Арыстағы жарылыс салдарынан қаза тапқандар саны 3-ке жетті

Астана. 26 маусым. ҚазТАГ – Арыстағы жарылыс салдарынан қаза тапқандар саны 3-ке жетті, деп хабарлады Қазақстанның ІІМ ТЖК баспасөз қызметінен.
«Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметтеріне сәйкес, медициналық көмекке 70 адам жүгініп, оның 45-і ауруханаға жатқызылды. 3 адам қаза тапты», - деп хабарлады сәрсенбіде ТЖК ресми өкілі Нұрсұлтан Нұрахметов.
Ол 26 маусым күні таңғы сағат 06.00-дегі жағдай бойынша, төтенше жағдайды және оның салдарын жою орнында ІІМ күштері мен құралдары тобынан жеке құрамның 1 251 маманы мен 188 техникасы шоғырландырылғанын жеткізді. Оның ішінде азаматтық қорғаныс органдарының 346 маманы мен 48 техникасы, полицияның 358 қызметкері мен 75 техникасы, Ұлттық ұланның 547 әскери қызметшісі мен 65 техникасы бар.
«Оның атап өтуінше, Арыс қаласының аумағында Төтеше жағдайлар комитетінің өрт сөндіру қызметінің күшімен 52, оның ішінде бір дәмхана ғимараты, 24 тұрғын үй, 10 қора-қопсы және 17 табиғи өрт сөндірілген», - делінген хабарда.
Түркістан облыстық полиция департаментінің, Ұлттық ұланның қызметкерлері Арыс қаласын қоршауға алу және шолғындау шараларын жүзеге асырып жатыр. Қала төңірегінде бекеттер де қойылған
«Облыстық полиция департаментінің қызметкерлері үш тонау фактісінің алдын алды», - деді Нұрахметов.
Оның айтуынша, қорғаныс министрлігі ұшқышсыз ұшатын аппараттарды қолдану арқылы жүргізген аэровизуалды барлау нәтижесінде әскери бөлім аумағында бықсыған оттың 3 ошағы анықталған.
«Қорғаныс министрлігінің 145 маманнан жасақталған 14 саперлер тобы Арыс қаласының аумағын, теміржол бойы мен станса маңын, әскери бөлім маңайын жарылмай қалған оқ-дәрілерден тазалау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жарылмай қалған 24 снаряд табылды және олар арнайы техникамен қауіпсіз аймаққа шығарылатын болады», - делінген хабарда.
Арыстан барлығы 3500 – ден астам адам эвакуацияланған.
«Шымкент қаласы мен Түркістан облысы аудандарындағы эвакуациялық пунктерге 1 700 адам орналастырылған. Тәулік бойы жұмыс істеп тұрған қауырт желіге бүкіл республикадан 13 мың 490 қоңырау келіп түсті», - деді Нұрахметов.
Еске салсақ, бұған дейін хабарланғандай, сағат 9.20-да өрт сөндіру қызметінің тетігіне Түркістан облысы Арыс қаласында №44856 әскери бөлімнің аумағындағы қоймада жарылыс болғаны туралы хабар келіп түскен. Қорғаныс министрлігінде нақтылағандай, қоймадағы жарылысқа өрттің шығуы себеп болған. Қорғаныс министрлігінде зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ деп мәлімдеді, ал оқиға орнына арнайы құрылған комиссия жіберілген. Сонымен қатар Арысқа Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстан қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев келді.
Аталмыш дерек бойынша Шымкенттегі ІІМ Оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасы ҚР ҚК 462б.1б. (қару-жарақпен, сондай-ақ айналадағыларға қауiп төндіретін заттармен және нәрселермен жұмыс істеу қағидаларын бұзу) бойынша қылмыстық істі тіркеді. Жағдай ішкі істер органының бақылауында.
Сондай-ақ, Түркістан облысының әкімдігінде әкімдік жанынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін «Түркістан» корпоративті әлеуметтік даму қорының құрылғанын айтты.
ҚР ІІМ ақпарынша, ТЖ салдарынан екі адам қаза тапқан, 165 адам зардап шеккен.
ІІМ ақпарынша, қаладан шамамен 41 мың халық эвакуацияланған, периметрі бойынша блокбекеттер қойылған, себебі үйлерге зақым келуде, сондай-ақ, жарылмаған снарядтар да бар, қалаға кіруге тыйым салынған, кіретін және шығатын көліктер тексерілуде.
Бұған дейін хабарланғандай, оқиға орнында тоғыз минасыздандыру тобы жұмыс жасап жатыр.
Сондай-ақ, құтқарушылар әскери бөлім аумағында жарылыстың тоқтағаны туралы мәлімдеді.
Бұл ретте ТЖК әлі де жарылыс қаупі сақталып отырғанын атап өтті. 26 муасымда Түркістан облысының әкімдігі әскерилердің Арыстың 16 көшесінен 70 жарылмаған снаряд жинағанын, әлі көбінің үйлерде жатқанын мәлімдеді.

adimage