Арыста жоғалған 1150 бала ата-анасымен қауышты

Күні: 12:56, 25-06-2019.

Астана. 25 маусым. ҚазТАГ – Арыста жоғалған 1150 бала ата-анасымен қауышты, деп хабарлады ҚР білім және ғылым министрлігінің (БҒМ) баспасөз қызметінен.
«1149 бала ата-аналарымен қауышты. 15 бала әзірге ата-анасына берілген жоқ», - делінген сейсенбідегі хабарда.
Ведомствода атап өткендей, Түркістан облысындағы ТЖ бойынша облыстық штаб құрылып, тұрғындарды басқа жерлерге орналастыратын 48 Орталық ашылды.
«Жалпы, Арыс қаласы мен ауылдарда 40 мектеп (18399 бала), 50 мектепке дейінгі ұйымдар жұмыс атқарады (5071 бала).Қауіпті аймақта 13 мектеп (11377 бала), 6 мемлекеттік 23 жекеменшік балабақшалар (3278 бала) орналасқан, олардың барлықтары қауіпсіз жерлерге көшірілді», - деді министрліктен.
Хабарда айтылғандай, 6 ауданда (Шымкент, Түркістан қалалары, Сарыағаш, Қазығұрт, Ордабасы, Шардара, Отырар ауданы) орта мектеп, колледж, балабақша, мектеп-интернаттарға көшіп келген азаматтарға барлық жағдайлар жасалған: Тұрғындар ауыз сумен, ыстық тамақпен, төсек орындарымен, киім –кешекпен және жеке гигиеналық заттармен қамтамасыз етілді.
«Барлық 48 орталыққа жалпы саны 3860 адам, оның ішінде, 0-мен 18 жас аралығындағы 914 бала жеткізілді. Бүгінгі ақпарат бойынша, 1149 бала ата-аналарымен қауышты. 15 бала әзірге ата-анасына берілген жоқ. Әр орталықта педагог-психологтер жұмыс жасап жатыр. Балалармен жұмыс істеуге барлығы 158 педагог-психолог тартылды. Штаб жұмысын тәулік бойы атқарып жатыр. Осы бағытта жұмыстар әлі де жалғасады», - делінген хабарда.
Еске салсақ, бұған дейін хабарланғандай, сағат 9.20-да өрт сөндіру қызметінің тетігіне Түркістан облысы Арыс қаласында №44856 әскери бөлімнің аумағындағы қоймада жарылыс болғаны туралы хабар келіп түскен. Қорғаныс министрлігінде нақтылағандай, қоймадағы жарылысқа өрттің шығуы себеп болған. Қорғаныс министрлігінде зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ деп мәлімдеді, ал оқиға орнына арнайы құрылған комиссия жіберілген. Сонымен қатар Арысқа Қазақстан қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев келді.
Аталмыш дерек бойынша Шымкенттегі ІІМ Оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасы ҚР ҚК 462б.1б. (қару-жарақпен, сондай-ақ айналадағыларға қауiп төндіретін заттармен және нәрселермен жұмыс істеу қағидаларын бұзу) бойынша қылмыстық істі тіркеді. Жағдай ішкі істер органының бақылауында.
Сондай-ақ, Түркістан облысының әкімдігінде әкімдік жанынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін «Түркістан» корпоративті әлеуметтік даму қорының құрылғанын айтты.


Жаңалықтармен бөлісу: