Астана. 25 шілде. ҚазТАГ – Бүгінге дейін Арыстан 3 мың тоннаға жуық оқ-дәрі қауіпсіз жерлерге шығарылды, деп хабарлады мемлекет басшысының баспасөз қызметінен.
«Мемлекет басшысы Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевты қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери дайындық жағдайы, сондай-ақ, Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстарының барысы туралы мәлімет берілді. Соның ішінде Қазақстан Президентіне қала аумағындағы оқ-дәрі қалдықтарын іздеу, тазарту шаралары, сондай-ақ, Арыстағы әскери қалашықты қалпына келтіру жұмыстары жөнінде баяндалды. Қорғаныс министрінің айтуынша, бүгінге дейін әскери қоймалардан үш мың тоннаға жуық оқ-дәрі қауіпсіз жерлерге шығарылған», - делінген бейсенбіде Ақордада таратылған хабарда.
Қасым-Жомарт Тоқаев жарылыс салдарын жою және оқ-дәрілерді шығару жұмыстарының уақтылы атқарылуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ, қаза болғандарды, құтқару және қалпына келтіру жұмыстары кезінде ерекше көзге түскен әскери қызметшілер мен тиісті қызмет өкілдерін марапаттауды тапсырды.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысына кезеңдерінің бір бөлігі Қазақстан аумағында өтетін алдағы әскери ойындарға дайындық барысы туралы мәлімет берілді.
Еске салсақ, 24 маусымда сағат 9.20-да өрт сөндіру қызметінің тетігіне Түркістан облысы Арыс қаласында №44856 әскери бөлімнің аумағындағы қоймада жарылыс болғаны туралы хабар келіп түскен. Жарылыс салдарынан үш адам қаза тапты, 165 адам зардап шекті. Қорғаныс министрлігінде нақтылағандай, қоймадағы жарылысқа өрттің шығуы себеп болған.
Аталмыш дерек бойынша Шымкенттегі ІІМ Оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасы ҚР ҚК 462б.1б. (қару-жарақпен, сондай-ақ айналадағыларға қауiп төндіретін заттармен және нәрселермен жұмыс істеу қағидаларын бұзу) бойынша қылмыстық істі тіркеді.
15 шілдеде президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевқа Арыстағы ТЖ үшін қатаң сөгіс жариялады. Сонымен қатар 17 шілдеде мемлекет басшысы бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовке «Арыстағы жарылыс дерегі бойынша қылмыстық істің тексерілуінің объективтілігі мен заңдылығын қамтамасыз етуді және барлық кінәлі тұлғаларды жауапқа тартуды» тапсырды.
Арыстан 3 мың тоннаға жуық оқ-дәрі қауіпсіз жерлерге шығарылды
