«Халықтың ақшасын шашқымыз келмеді» – Қайрат Нұрқаділов әкесіне не себепті бюст орнатылғанын айтты
2024 жылғы 2 желтоқсанда Алматы облысы Кеген ауданының орталығында мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовке арналған ескерткіш-бюсттің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Nege.kz.
Бастапқыда Заманбек Нұрқаділовке ескерткіш қойылатыны айтылған. Алайда ол жоспар аяқ асты өзгеріп кетті.
Nege.kz тілшісі мұның себебін Заманбек Нұрқаділовтің ұлы Қайрат Нұрқаділовтен сұрады.
«Бюст орнатуды өзіміз қаладық. Оған бюджеттен қаржы бөлінген. Үлкен ескерткіш орнатуға шашамен Т60 млн кетеді. Ал бюжеттен бөлінген ақша – халықтың ақшасы. Халықтың ақшасын шашқымыз келмеді. Сол себепті, бюст орнатайық деген шешімге келдік. Биіктігі бес метр болатын бюст қойылды», - деді ол.
«Желтоқсанда доллар тағы өседі – Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы»
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы желтоқсан айында да теңгеге қысым түсетінін болжады, деп хабарлайды Aikyn.kz.
Бұған ықпал етіп отырған ішкі және сыртқы факторлар сарапталып көрсетілген. Қауымдастықтың талдауынша, Ұлттық банктің шетел валютасын сату көлемін азайтуы теңге бағамын тұрақтандыруға қосымша шараларды талап етуі мүмкін.
«Экономика министрі Нұрлан Байназаровтың мәлімдемесіне қарағанда, негізгі себеп – сыртқы факторлар. Оның ішінде рубльдің әлсіреуі, мұнай бағасының түсуі мен АҚШ доллары индексінің өсімі де бар. Десе де, қараша айында ұлттық валюта 5%-ға әлсіреп отыр. Ұлттық банктің 2,4 млрд долларды сатуы да көмектесе алмаған», – делінген қауымдастықтың сараптамасында.
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының пайымдауынша, квазимемлекеттік экспорттаушылар міндетті сату туралы норма шеңберінде түскен қаржысын конверсиялаған. Ұлттық банк желтоқсан айында тек 800-900 млн доллар сатпақ. Бұл валюта нарығындағы азуалды тұрақтандырудың қосымша шараларын талап етуі мүмкін.
«Шетелден көлік әкелуге шектеу: министр мән-жайды түсіндірді»
Құрылыс және өнеркәсіп министрі Қанат Шарлапаев елімізге бірнеше көлік әкелетін жеке тұлғаларға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz.
Министр мұндай адамдар анықталып, олар барлық төлемді жасауы керектігін айтты.
«Біріншіден, Қазақстанға көлік әкелу ережесі 2015 жылдан бері жұмыс істеп тұр. Оған ешқандай өзгеріс енгізілмеген. Екіншіден, сізге екі факторды мысал ретінде келтірейін. Бізде бір адам 793 көлік, 34 адам 100-ден астам автокөлік әкелген. Барлық белгі бойынша олар кәсіпкерлікпен айналысады деген сөз. Ең алдымен әңгіме қандай да бір шектеулердің қойылуында емес. Егер адамдар кәсіпкерлік қызметпен айналысқысы келіп, жүздеген көлік әкелемін десе, онда мемлекеттік органдардың барлық заңды талабын орындауы керек. Барлық міндетті төлемдерді төлеуі қажет, – деді ол.
«Сот депутат Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болатты колонияға жіберді»
Сот апелляциялық шағымды қанағаттандырмай, Нұрасыл Болатқа қатысты бірінші инстанцияның үкімін күшінде қалдырды. Ол бұған дейін заң талаптарын бұзғаны үшін 1 жыл 5 айға бас бостандығынан айырылған болатын, деп хабарлайды Orda.kz.
Бұл үкім 2023 жылдың қазан айында адвокаттар Анна мен Олег Черновтарды ұрғаны үшін шығарылған.
Алғашында оған айыппұл салынды, бірақ кейін екі жылға шектеу мерзімі белгіленген болатын.
Биыл тамыз айында ол пробациялық бақылау ережесін бұзды.
«Аппеляциялық шағым мақұлданбайды. Сот шешімі өзгеріссіз қалады», - деп мәлімдеді Алматы сотының баспасөз қызметі.
Фото көзі: ©Мадина Алимханова