Асқар БЕШІМОВ, экономист: ҚЫРҒЫЗСТАН ЭКОНОМИКАЛЫҚ КОЛЛАПСҚА ТАҚАП ТҰР

Бішкек. 26 тамыз. ҚазТАГ – Игорь Шестаков. Қырғызстандағы орташа тұтыну деңгейі адам басына тәулігіне $2-дан аспайды. Республика елеулі экономикалық проблемаларға тап болды. Қазір әңгіме қалай даму туралы емес, алдағы бір-екі жылда қалай күн көреді деген мәселеге тіреліп тұр. Республикадағы жағдай туралы Қырғызстанның халықаралық іскерлік кеңесінің сарапшысы, экономист Асқар БЕШІМОВ осындай деген көзқарасты ұстанады. Бұл туралы ол ҚырТАГ тілшісімен болған сұхбатында мәлім етті. 

 

- Саяси тұрақсыздық экономиканың барлық саласына айтарлықтай әсер етті, онда қазір барлық позиция бойынша құлдыру байқалады. Бұл бірінші кезекте ІЖӨ-ге қатысты. Ол, болжам бойынша, жыл соңына қарай былтырғымен салыстырғанда 5,4-7% төмендейді. Ол экономиканың негізгі салалары - қызмет, сауда, ауыл шаруашылығы мен жеңіл өнеркәсіп сынды салаларды қамтиды. Банк секторының өтімділігі де төмендейді. 2010-шы жыл қорытындысы бойынша инфляция 11% деңгейінде болады. Зәру тауарлардың бағасының көтерілуі одан ары жүреді.

Әсіресе күрделі жағдай №1-ші азық-түлік – ұнға байланысты болып отыр. Жыл басында АШМ біз өзімізді астықпен қамтамасыз етеміз десе де, қазір оны сырттан сатып алуға тура келетіні анық, әрі астық бағасы күрт қымбаттаған жағдайда.

Сәуірдің басында мемлекеттік бюджет тапшылығы 7 млрд сомдай тұғын. Қазір ол сома 20 млрд сомнан асады ($1= 46,65 сом). Жыл соңына қарай көрсеткіш тек арта түседі.

Тұтынудың орташа мәні адам басына шаққанда тәулігіне $2-дан аз болған жағдайда республика экономикалық коллапсқа мейлінше тақап қалды. Қазір әңгіме республиканың қалай дамитындығы туралы емес, алдағы екі жылда қалай күн көретіні туралы болып отыр.

Жағдай әлеуметтік шиеленістің күрделенуімен жалғасады. Халықтың кедейленуі бағаның тұрақты көтерілуі мен жұмыссыздық жағдайында жүріп отырады.

Бүгіндері тұрақты болып тұрғаны еңбек мигранттарының аударған ақшалары ғана болып тұр. Тек солар ғана халықтың көпшілігін қолдап тұр.

 

- Сіздіңше Қырғызстан қаншалықты сыртқы көмекке арқа сүйей алады? Оның мөлшері  $1,1 млрд деп айтылды, бірақ ол қашан нақты берілетіні айтылған жоқ. Донор елдердің бұл ұстанымы немен байланысты?

 

- Кез келген ірі несиелер мен гранттар тек легитимді билікке беріле алады. Ал бүгін Қырғызстанда өтпелі-техникалық үкімет. Меніңше, сырттан келетін елеулі қаржылық көмек туралы тек жаңа парламент министрлер кабинетін қалыптастырып болған соң ғана айтуға болады.

Әзірге тек АҚШ үкімет ғана $48 млн бөлуге дайын екендігін жариялады, қалған несиелік және гранттық желілер талқылану кезеңінде. Бірақ кез келген жағдайда ол құтқармайды.

Бұл ретте донорлық қаражаттар экономиканың стартегиялық маңызды секторларын дамытуға бағытталмайды. Әңгіме өткір әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу туралы болып отыр: бюджет қызметкерлеріне жалақы төлеу, оңтүстік өңірдің инфрақұрылымын қалпына келтіру, халықты әлеуметтік қолдау. Соңғы он жыл бойына Қырғызстан бұл мұқтаждықтарына сырттан алған қарыздарын жаратып келді. Бұл несиелік-гранттық қолдау мөлшері мембюджеттің 25-30 %-ын құрайды.

Атап көрсетемін, әзірге лигитимді үкімет келмейінше, және өзінің нақты бағдарламасын жарияламайынша, сырттан елеулі көмек келеді, немесе инвестиция болады деп үміттенудің қажеті жоқ. Донорлар да инвесторлар да жаңа министрлер кабинетінің, парламенттің мәлімдемелері мен нақты жұмыстарына мұқият қарап, талдама жасап отырады. Ал бізде әдетте сөзіміз бен ісіміз алшақтанып жатады.

Сыртқы көмекке қатысты біздің ұстанымымызды алайықшы. Бұл жерде бізге бәрі міндетті және қарыз! Сыртқы саясат туралы сөз қозғалғанда, біз дербес және тәуелсіз мемлекетпіз! «Моральдық кеңес бермей, материалдық түрде көмек көрсет» қағидасымен өмір сүреміз. Қазақстаннан қаржылық-техникалық көмек сұраймыз да, сол уақытта қазақстандық пансионаттарды мемлекеттендіруге тырысамыз. Тауарлық өнімді экспорттау тұрғысынан 60%-ға қазақ көршімізге тәуелді екенімізді ұмытып кетеміз. Логика қайда?

 

- Шешімін тапса, экономикалық жағдайды тұрақтандыруға ықпал ететін бірінші кезектегі міндеттердің ішінен қайсысын бірінші орынға қоясыз?

 

- Көлеңке экономиканы тиімді еңсеріп, жемқорлықпен күресу қажет. Айтпақшы, бұл сәуір төңкерісінің негізгі талаптарының бірі болды. Қазіргі кезде көлеңке секторда кем дегенде еліміздің екі бюджеті айналып жатыр. Біз көлеңкелі экономиканың деңгейі төмендеп қана қоймай, арта бастағанын көріп отырмыз. Биліктің бұған қарайтын уақыты жоқ, олар басқа проблемаларды шешумен айналысып жатыр.

 

- Экономиканың қай секторына үмітпен қарауға болады? Сауда саласына ма? Әлде энергетикалық сала ма, мүмкін тау-кен саласына шығар?

 

- Халықтың басым бөлігін жұмыспен қамтып отырған сауда саласында құлдырау байқалады. Қазір ұсақ саудагерлерде ғана емес, «Дордой» ірі көтерме базарының кәсіпкерлерінде де қиындықтар туындап отыр. «Дордойдың» аман қалу мәселесі босқа көтеріліп отырған жоқ. Қырғызстанда Қытай тауарларының реэкспортының заманы таяп қалғанын түсіну керек. Қырғызстан тауарлардың импортына төмен кедендік баж салықтарын сақтай алса, базар тауарларды республика халқына және Қазақстанның шекаралас облыстарының тұрғындарына сату есебінен жұмысын жалғастырады. Бірақ бұрынғыдай «Дордойдан» ірі көлемдегі тауар жеткізілімдері туралы әңгіме бітеді.

Елдің оңтүстік өңірлеріндегі көтерме базарларының жағдайы әзірге басқаша, өйткені бұл аймақ шекараласатын Тәжікстан мен Өзбекстан Кеден одағына мүше болып табылмайды.

Кеден одағына мүше мемлекеттердің импорттық тауар өнімдеріне кедендік баж салықтарын көтеруі орынды деп ойлаймын. Ресей мен Қазақстан өздерінің өндірушілерін қорғап, сапасыз тауарлардың контрабандасының жолын кесуге тырысып жатыр. Қырғызстандағы экономикалық жүйе ашық, адал болып, жемқолыққа батпаса, бұл жерде де қытайлық және түркиялық бірлескен кәсіпорындар аша бастайды.  Бұл «Дордой» мен жеңіл өнеркәсіп үшін жалғыз амал шығар.

Энергетикалық және тау-кен салаларына келсек, олар экономика үшін сиқыр таяқ бола қалатынына күмәнданамын. Тау-кен саласының жақсы алтын қоры бар. Бірақ, біріншіден, оның дамуы үшін ірі көлемде шетелдік инвестициялар керек. Екіншіден, ол жекелеген шенеуніктердің емес, ел мүддесіне қызмет етуге тиіс. Сондықтан алыс болашақ туралы ғана айтуға болады.

Энергетикалық сектор болса, көлемді жаңартуды талап етеді.

Аграрлық секторды келешегі бар сала деп атауға болады, бұл салада 5 мыңға тарта шаруа қожалығы бар. Бірақ оларға да мемлекеттік қолдау, инвестициялар мен жеңілдетілген несиелер керек. Фермерлердің көпшілігі ауыл шаруашылық техникасын сатып ала алмайды. Техниканы айтамын-ау! Шаруалардың тұқым мен ЖЖМ-ға да ақшалары жетпей жатады.Оларға да инвесторлар керек. Бірақ саналы ойлайтын қайбір инвестор Қырғызстанға бара қояр дейсіз?

Біздегі экономикалық қауіптер ТМД деңгейінде, одан тыс жерде де ең ірі болып саналады. Бізді жағдайы нашар Африка мемлекеттерімен салыстыру керек деп ойлаймын. Сингапур сияқты мысалдар да бар. Бірақ ол жақта ғаламдық экономикалық түрлену кезінде саясатпен ешкім айналысқан жоқ. Бізде бәрі керісінше болып жатыр.

Қырғызстан басшылығы саяси күрестің орнына экономикалық тұрақтылықты таңдамайынша, жағдай аса күрделі болып қала береді.

 


adimage