Астана қаласының тұрақтандырушы қорына 5 мың тоннадан астам өнім алынды

Күні: 18:27, 04-11-2014.

Астана. 4 қараша. ҚазТАГ – Астана қаласын азық-түлікпен қамтамасыз етуді және әлеуметтік маңызды тауарлар бағасын ұстап тұруды мақсат еткен тұрақтандырушы қорды қалыптастыру, сақтау және пайдалану аясында жалпы көлемі 5 262 тоннаны құрайтын өнім сатып алынды, деп хабарлады елорданың ресми сайтынан.
Хабарда айтылғандай, 2014-2015 жж арналған азық-түлік тауарларының 10 түрі бекітілді. Соның ішінде, картоп, сәбіз, қызылша, пияз, қырыққабат, күріш, қарақұмық, қант, ұн, күнбағыс майы бар. Аталған тауарлардың барлығы сауда орындарына жіберілмес бұрын «ASTANA» ӘКК» ҰК» АҚ-ның екі көкөніс қоймасында сақталады.
Бүгін қала басшысының орынбасары Ерсайын Нағаспаев жетекшілік еткен Астана қаласы азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорын басқару жөніндегі комиссия көкөніс қоймаларының жұмысын және олардың қысқы уақытта елорданы қамтамасыз етуге дайындығын тексерді.  
«Қазіргі кезде елордада азық-түлік тауарларын сақтау бойынша тапшылық орын алып отыр. Сондықтан оны жою үшін жалпы алғанда қосымша 20-25 жуық жаңа көкөніс қоймасын салу көзделген. Бүгін алынған азық-түлік көлемі 2,5 айға жуық уақытқа жетеді. Бұл баға қымбаттаған жағдайда оны ұстап тұруға ықпал етуге мүмкіндік береді», - деді «ASTANA» ӘКК» ҰК» АҚ төрағасы Қайрат Жаңабергенов.
«ASTANA» ӘКК» ҰК» АҚ екі көкөніс қоймасы 5 000 және 8 000 мың тонна тауарға арналған. Олардың әрқайсысы азық-түлік тауарларын қабылдау және сақтау бойынша заманауи қондырғылармен жабдықталған. Бұл өнімдерді 9 айға дейін сақтауға жол береді. Бұрын хабарланғандай, қалада 7 көкөніс қоймасы жаңадан салынып жатыр, оның үшеуі жыл соңына дейін тапсырылады. Бұл 14,5 тоннаға жуық өнім қажеттілігін қанағаттандырады.  
Тұрақтандырушы қордың азық-түліктері Астана қаласының сауда желілері (40 астам сауда орны) мен жеке сауда желісі (қаланың түрлі аудандарында 22 астам дүкен) арқылы сатылады.


Жаңалықтармен бөлісу: