Астана құдығындағы бала өлімі: аудан әкіміне қатаң сөгіс жарияланды

Күні: 16:00, 26-02-2019.

Астана. 26 ақпан. ҚазТАГ – Алматы ауданының әкімі Әділбек Сәрсембаевқа қатаң сөгіс жарияланды, деп хабарлады елорданың ресми сайтынан.
«Өкінішке орай, 19 ақпанда тағы бір қайғылы оқиға орын алды. 13 жасар жасөспірім қаладағы ашық құдықтың біріне құлап, қаза тапты. Төтенше жағдай өткендегідей Алматы ауданының аумағында орын алды Ашық құдық «Астана Су Арнасы» мемлекеттік кәсіпорнына тиесілі. Осыдан бірнеше ай бұрын жасөсіпірім қыз дәл осындай жағдайда қайтыс болғанда аудан әкімдеріне қатаң сөгіс жариялаумен ғана шектеліп едік. Бұл жазалау түрі сіздерге аз сияқты болып отыр! Ендеше, Алматы ауданының әкімі Әділбек Сәрсембаевқа қатаң сөгіс жариялаймын», - деп келтірілген баспасөз парақшасында Астана әкімі Бақыт Сұлтановтың сөзі.
Ақпарға сәйкес, отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Игорь Алексеевке, «Астана Су Арнасы» МКК директоры Табиғат Зейнулқабденге, кәріз қызметінің басшысы Қуаныш Сұлтанбаев пен Алматы ауданы кәріз учаскесінің басшысы Владимир Власенкоға осындай жаза белгіленді.
«Құдықтар қақпағы ұрлығының алдын алу мақсатында қалалық әкімдік көптеген жұмыстарды атқарып жатыр. Қаладағы барлық құдықтардың тізімі қайта жасалуда. Желілер жобаларында қақпақтарды полимерлік материалдан, сондай-ақ арнайы торларды полиэтиленнен жасау көзделген. Тор құдық қақпағы ұрланған күннің өзінде құдыққа адамның, жан-жануардың тағы да басқа заттардың түсіп кетуінен сақтайды. Қазір 6 мың құдыққа тор орнатылған», - делінген баспасөз парақшасында.
Одан бөлек, құдықтар қақпағын ұрлауды болдырмау және оған адамдардың түсіп кетуінің алдын алу мақсатында жаңа жобаларда қақпақтарды композиттік материалдардан жасап орнату көзделген.
Еске салсақ, бұған дейін хабарланғандай 16 ақпанда Астанада жоғалып кеткен 13 жасар Өмірхан Бақдәулеттің денесі құдықтан табылған болатын. ТЖК ақпарына сай құтқарушылар баланың қайтыс болу жағдайын анықтауда. Астана полициясының департаменті сотқа дейінгі тергеу жүргізуде.


Жаңалықтармен бөлісу: