Астана күні қарсаңында ОҚО Түлкібас ауданында 2 бизнес-жоба іске қосылды

Шымкент. 5 шілде. ҚазТАГ – Астана күні қарсаңында ОҚО Түлкібас ауданында бірнеше әлеуметтік нысан іске қосылды, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметінен. Облыс әкімінің ресми сайтында жарияланған хабарда айтылғандай, Астана күніне орай «Астанаға тарту 75 –нысан» акциясы аясында Түлкібас ауданында 5 әлеуметтік нысан ашылып, тұрғындарды қуанышқа бөледі. Ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі Қ.Абдуалиев түлкібастықтарды Астана күнімен құттықтап, пайдалануға берілген әлеуметтік нысандар ел игілігі үшін қызмет ететініне сенім білдірді. Облыстың барлық аудан, қалаларынан бой көтерген кәсіпкерлік мектебі Түлкібаста да ашылды. Бұл ғимаратта кәсіпкерлерге бір терезе қағидасымен қызмет көрсетіліп, кәсіпкерлік мектебі жұмыс жасайды. Мектепте өнеркәсіп, егін және мал шаруашылығы саласында білім беру, инновациялық құрал-жабдықтармен таныстыру жұмыстары жүргізіледі. Соныммен қатар, Алғабас ауылында спорт кешені іске қосылып, алты азамат жұмыспен қамтылып отыр. Мұнда спорттың футбол, бокс, күрес тағы басқа да спорт түрлерінен үйірмелер жұмыс жасайтын болады. Осындай мерекелік күні мыңға жуық тұрғыны бар Алғабас ауылында 200 орындық жаңа мектептің ашылу рәсімі де болып өтті. Білім ордасы заман талабына сай жабдықталған. Осы күні Кемербастаудың тау бөктерінде орналасқан «Таң нұры» ЖШС-нің саумалмен емдеу орталығы ашылып, оңтүстікқазақстандық емделушілерді құшақ жая қарсы алды. Аудан аумағында туризм саласын дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау, халықты таза табиғи өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында ашылып отыр. Саумалмен емдеу орталығы жүзден астам адамды қабылдап, емдей алады. Нысанның құрылысына 132 млн теңге қаржы жұмсалған. Аталған орталықта 20 азамат жұмыспен қамтылған. Сондай-ақ, Тұрар Рысқұлов елді мекенінде орналасқан «Түлкібас нан» ЖШС-нің салтанатты ашылу рәсімі болып өтті. Ауданның барлық аумағын нанмен қамтамасыз етіп отырған зауыт жылына 2 млн. тонна өнім өндіреді. Бүгінде жергілікті 45 азаматты тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.

adimage