Астана әкімі денсаулық сақтау жүйесін тәртіпке келтіруді талап етті

Күні: 16:43, 26-02-2019.

Алматы. 26 ақпан. ҚазТАГ – Астана әкімі Бақыт Сұлтанов әкімдіктің кезекті отырысы барысында қалалық қоғамдық денсаулықты сақтау басқармасының басшысы м.а. Әлия Рүстемоваға да ескерту жасады, деп хабарлады қала әкімінң баспасөз қызметінен.
Сонымен, Бақыт Сұлтанов 19 ақпандағы №2 перинаталдық орталықта болған жан түршігерлік оқиғаны тілге тиек етті. Орталықтың босану бөлімінде келіншек дәрігерлердің көмегінсіз, өзі еденде босанып қалды.
«Абырой болғанда бала мен ананың денсаулығына зиян келмеген. Бірақ, бұл жағдай ерекше бақылауға алынуы тиіс деп ойлаймын», Мұндай оқиғалар жүйесіздіктің салдарынан орын алған», – деп атап өтті Б. Сұлтанов.
Сонымен қатар, ол 2018 жылы босану кезінде сегіз әйелдің қайтыс болғанын, оқиғалар санының 2017 жылғы көрсеткіштен төрт есе жоғары екендігін алға тартты.
«Біздің денсаулық сақтау жүйесінде мұндай бей-берекетсіздік неліктен орын алуда?»– деп сұрады А.Рүстемовадан қала әкімі.
«Мұндай жағдайдың орын алғаны, рас. Босанушы 18 ақпанда келді. 19 ақпанда оның толғағы күшейе түсті. Сағат 12-де бөлімше меңгерушісі оны қарағанда, ол босану бөлімшесінде болған. Ол жылдам босанды. Бұл күні бөлімшеде 37 әйел туды. Осы уақытта үш акушер төрт әйелді босандырып жатқан болатын. Сондай-ақ, бөлімде күрделі операция жасалып жатты. Оған дәрігерлеріміздің барлығы жұмылдырылған болатын. Не десекте, бұл жағдайда олқылықтар бар», – деді А.Рүстемова.
«Демек, тиісті күш салу керек. Сізге ресми түрде ескерту жасап отырмын. Барлық жүйе бойынша шаралар қолданыңыз. Бұл барлық басқа медициналық мекемелер үшін белгі болуы тиіс. Сондай-ақ, барлық денсаулық сақтау нысандарының жұмысына мониторинг жүргізіп, штаттан тыс барлық жағдайлар бойынша нақты іс-қимыл алгоритмін пысықтаңыз», – деді Б. Сұлтанов.


Жаңалықтармен бөлісу: