Астана мектептерінде жаңа ас мәзірі енгізілмек

Астана. 26 желтоқсан. ҚазТАГ – Астана мектептері жаңа ас мәзірін енгізбек, деп хабарлады елорда әкімінің ресми интернет-ресурсынан.
«Жаңартылған мәзірде таңертеңгі ауысымда оқитын балалар үшін таңғы ас, сағат 10:00 кейін оқитын балалар үшін түскі ас қарастырылған (…) Мысал үшін, күріш ботқасы сүтке пісірілсе, бутербродтарға май мен ірімшік қосылады.Балаларға алма, алмұрт сияқты жемістер, қант қосылған шай беріледі. Бұл – таңертеңгі ауысымда оқитын балаларға арналған таңғы ас. Сағат 10:00-ден кейін сиыр етінен жасалған котлета, гарнир ретінде макарон, нан, алма мен қант қосылған шай беріледі», - деді сейсенбідегі брифингте Астанадағы білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин.
Ол атап өткендей, жаңа мәзірде Қазақ тағамтану академиясының ұсынсытары ескеріліп, тыйым салынған азық-түлік өнімдерінің тізімі анықталған. Оны Астананың білім басқармасы ата-аналар кеңесі және тамақтандыру қызметін көрсететін ұйымдармен бірлесіп әзірлеген.
Бюджет бір балаға күніне Т355 құрайтын болады.
Сонымен қатар, ол мәлімдегендей, 14 мектептің басшылығы балаларды тамақтандыру қызметін көрсететін компаниялармен келісім-шартты ұзартпау туралы шешім шығарды.
Қала әкімдігінде өткен брифингте білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин бұл ретте алдағы уақытта қызмет көрсетуші жаңа компанияларды анықтау мақсатында конкурстың өтетіндігін мәлім етті.
Оның айтуына қарағанда, келісім-шарттар қызмет көрсетушілердің азық-түлік өнімдерін сақтау ережелерін сақтамауына, сондай-ақ, санитарлық ережелерді бұзу фактілерінің анықталуына, қызметкерлердің жеке гигиенаны сақтау ережелерін бұзуына байланысты тоқтатылып отыр. Кері жағдайда өрескел бұзушылықтар болашақта балалардың улануына әкеп соқтыруы мүмкін еді.
«Мұндай жұмысты біз қоғамдық денсаулық сақтауды қорғау департаментімен бірлесіп, қаланың 27 мектебінде жүргізіп жатырмыз. Тексеру шаралары жүргізіліп, бірқатар ескерту жасалды. Қазіргі таңда бұл тұрғыда жосықсыз компаниялармен келісім-шартты үзіп, жаңа жылдан бастап қызмет көрсетуші жаңа ұйымдарды анықтау туралы шешім қабылданып жатыр», - деп түсіндірді ол.
Жанғозиннің ақпаратына сүйенсек, аталмыш бағыттағы шаралар ата-аналар кеңестерінің және қалалық қоғамдастықтың қолдауымен жүзеге асып жатыр.
«Тексерістердің нәтижесі бойынша біз қызмет көрсетушілер мен комиссияның қай бағытта жұмыс жасау керектігін, қандай мәселелерді қадағалау керектігін біліп отырмыз», деп түйіндеді спикер.
Білім басқармасы тамақтандыру саласында қызмет көрсетушілердің ішкі рейтингін жасап шықты. Сатылып алынатын тағам өнімдері көрсетілген БҒМ-нің бұйрығына өзгеріс енгізілді. Жаңарған бұйрыққа сай тағам жеткізушілер үшін ортақ конкурс ұйымдастырылады. Бір лотқа бірнеше мектеп енуі мүмкін. Тапсырыстың көлеміне сай тамақтандыру саласында қызмет көрсететін компаниялардың арасынан бәсекеге өабілеттісін таңдауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, жаңа ережелерде конкурс МЖӘ арқылы іске асыру мүмкіндігі де қарастырылған. Тағы бір өзгеріс тағам өнімдерін дұрыс сақтауға арналған заманауи жабдықты орнату талабының көрсетілгендігіне қатысты. Ата-аналар кеңесінде айтылған пікірлер есепке алына отырып, асхана мен ас бөлмесіне бейне камералар орнатылатын болады. Бұл өз кезегінде қызмет көрсетушілерге жұмысты сапалы ұйымдастыруға мүмкіндік бермек.

adimage