Astana Motorsports капитаны Т800 млн астам қаржыны жымқырған деп күдіктелуде

Күні: 16:49, 13-12-2019.

Астана. 13 желтоқсан. ҚазТАГ – Махамбет Абжан. Astana Motorsports капитаны Артур Ардавичус Т800 млн астам қаржыны жымқырған деп күдіктелуде, деп мәлімдеді Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 2 департаментінің басшысы Сергей Перов.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігі 2016-2017 жылдары Қазақстандағы автоспортты дамытуға бөлінген қаражатты ұрлау бойынша тергеу жұмыстарын жүргізуде. Оқу-жаттығу жиындары мен жарыстарды өткізуге өтінімдерді жоғарылату жолымен «Astana Motorsports» командасының (мемлекеттің қатысуы 100%) директоры және капитаны Артур Ардавичустың 800 млн теңгеден астам қаржыны жымқырғаны анықталды», - деді Перов жұма күні.
Тергеу Артур Ардавичус бұл қаржыны қазақстандық және шетелдік компаниялар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырып өзі иемденген деп санайды.
«Ардавичус түсініктеме беру үшін бірнеше рет шақырылды, алайда шетелде болғандықтан келуден бас тартты. Осы жайттарды және Ардавичус мырзаның қылмыстық құқық бұзушылық жасағанын көрсететін жеткілікті дәлелдерді ескере отырып, оған қатысты сырттай «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берілді. Халықаралық іздеуге жариялау туралы материалдар сотқа жіберілді. Тергеу амалдары арқылы ұрланған қаржының нақты сомасы анықталып жатыр. Тергеу амалдары жалғасуда», - деді Перов.


Жаңалықтармен бөлісу: