Астана-Нұрлы жол – Риддер пойызының маршруты өзгерді

Күні: 17:06, 04-04-2019.

Астана. 4 сәуір. ҚазТАГ - «Астана-Нұрлы жол-Риддер» бағытындағы пойыз маршрутын өзгертеді, деп хабарлады ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің (ИИДМ) баспасөз қызметінен.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ «Астана-Нұрлы жол-Риддер» бағытындағы №375/376 жолаушылар пойызы 2019 жылдың 22 мамырынан бастап Семей-Шар-Өскемен теміржол учаскесі арқылы (Семей-Локоть-Өскемен орнына) жүру маршрутын өзгертеді», - делінген бейсенбіде таратылған хабарда.
Министрлікте атап өтілгендей, тасымалдаушының атына келген көптеген өтініштер назарға алынып, Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Көлік комитетімен және Шығыс Қазақстан облысы әкімдігімен «Астана-Нұрлы Жол-Риддер» бағытындағы №375/376 жолаушылар пойызының жүру бағытын өзгерту жөнінде жұмыстар жүргізілді.
«Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі Семей-Локоть және Шемонаиха-Өскемен-1 учаскелеріндегі жолаушыларды автокөлікпен тасымалдауды қамтамасыз ету шараларын қабылдайды және барлық қажетті іс-шаралар қамтамасыз етіледі», - деп түсіндірді ҚР ИИДМ-нен.
Ведомствода атап өтілгендей, аталған пойыздың жүру бағытын өзгерту жолаушылардың жол жүру уақытын 5 сағатқа қысқартуға мүмкіндік береді.
«Сондай-ақ тексеруге байланысты мемлекеттік шекараның өткізу пункттерінде ұзақ уақыт аялдамайтын болады. Жол жүру уақыты 23 сағат 23 минутты құрайды. Жаңа кестеге сәйкес пойыз Астана-Нұрлы жол станциясынан сағат 19:30-да жүреді, Риддер станциясына сағат 18:07-де жетеді. Риддер станциясынан 21:55-те шығады және Астана-Нұрлы жол станциясына сағат 20:43-те келеді», - деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметінен.


Жаңалықтармен бөлісу: