Алматыда тәрбиеші 4 жасар баланы қылқындырған
Алматыдағы балабақшалардың бірінде тәрбиешінің баланы қылқындырып, күш қолданғаны анықталды. Осы оқиғаға байланысты құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды El.kz.
«Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау фактісі бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады», – деп хабарлады Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, Алматыдағы балабақшалардың бірінде тәрбиеші балалардың бірін қылқындырған. Оқиға кезінде бөлмеде тағы екі қызметкер болған. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде.
Астанада жүк контейнеріндегі жарылысқа қатысты қылмыстық іс қозғалды
14 ақпанға қараған түні Астанадағы теміржол вокзалына пойыз арқылы жеткізілген контейнер жарылды. Осыған байланысты полиция қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Baq.kz.
Төтенше жағдай түнгі сағат 00:25-те Астана стансасындағы іріктеу алаңының 12-жолағында болды. Елордаға пойыз арқылы жеткізілген жүк контейнері жарылған. Бір адам қолынан жеңіл жарақат алды.
«Көліктегі полиция департаменті бұл оқиға бойынша «Темір жол көлігін пайдалану немесе қозғалыс қауіпсіздігі ережелерін бұзу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Оқиға орнына дереу департамент басшылығы жеткен. Арнайы жедел топ құрылды, олар оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға кірісіп кетті», - деп хабарлады көліктегі полиция департаменті.
«БҚО-да ауру тарататын тышқан тәрізді кеміргіштер саны 10 есе өскен»
Батыс Қазақстан облысында өткен жылы бүйрек синдромды геморрагиялық қызбамен ауырған 27 адам тіркелген. Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың мәлімдеуінше, бұл былтырғы статистикадан 24 дерекке көп, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».
Оның айтуынша, 2024 жылы Бәйтерек ауданында 14, Бөрліде жеті, Орал қаласында алты адам сырқаттанған.
«Мұның көбейіп кетуі себептерінің бірі көктемгі су тасқынымен байланысты болып отыр. Орал обаға қарсы станциясының ақпаратына сүйенсек, 2020-2024 жылдар аралығында өңірде тышқан тәрізді кеміргіштер саны 10 есе өскен. Аталмыш дертке шалдыққан науқастардың кеміргіштермен байланыста болғаны, балық аулауға шыққаны, шөп шабу жұмыстарына қатысқаны анықталды», - дейді Мұстаев.
Қазақстанда халық пен кәсіпкерлер банктерге Т40 трлн қарыз
Былтырдан қарағанда қарапайым азаматтар мен кәсіпкерлер кредитті 20%-дан артық алған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ұлттық банктің ресми есебінде 2024 жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша Т40,9 трлн-ды құрап, 2023 жылғы 1 желтоқсаннан бастап 22,3% ұлғайған.
Ақпаратқа сәйкес, қарыз алушылардың санаттары бойынша кредиттердің жалпы көлемінің 46% бизнес кредиттеріне (кәсіпкерлер бизнес мақсаттары үшін алған несие), ал 54%-ы халыққа берілген кредиттерге тиесілі.
Бұл ретте бизнеске кредиттер өткен жылдың ұқсас кезеңіне қарағанда 20,6% өсіп, Т18,8 трлн-ды құраса, халыққа кредиттер 23,7% ұлғайып, Т22,1 трлн-ға дейін өсті.
Фото көзі: Ашық дереккөз