Астанада 2016 жылға күн электр стансасын салады

Күні: 16:43, 22-10-2014.

Астана. 22 қазан. ҚазТАГ – Астанада 2016 жылға қарай қуаты 50 мегаваттық күн электр стансасын салады, деп хабарлады Астана әкімінің ресми сайты.
«ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі қарсаңында елордада салынатын жаңа екі автовокзалдың техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленді. Бұдан басқа, көліктерге арналған 10 паркинг пен күн электр станциясын салу жоспарланған», - делінген елорданың ресми сайтында сәрсенбі күні жарияланған хабарда.
Бұл туралы «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне дайындық және оны өткізу дирекциясы» ЖШС басқарушы директоры Мұхтар Ғазизов мәлімдеді.
Оның айтуынша, жаңа автовокзалдар қаланың батыс және шығыс кіре берістерінде салынады.
«Қазіргі кезде Абылай хан даңғылының бойында және Тілендиев даңғылы мен Бейсекова көшесінің қиылысында орналасатын автовокзалдардың техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленді. Сонымен қатар, жобалық-құжаттаманы әзірлеу бойынша жеткізушілерді іріктеу жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деді М.Ғазизов Астанада «ЭКСПО-2017» көрмеге қатысушылардың бірінші кездесуінде.
Оның айтуынша, 10 паркингтің құрылысы мемлекеттік-жеке меншік әріптестік негізінде жүргізіледі. Бірінші кезекте 1729 көлікке арналған 3 паркинг, ал екінші кезекте сыйымдылығы 4085 машинаны құрайтын 7 паркинг салынады.
Сонымен қатар, елорда әкімдігі 50 мегаВт қуаттылығы бар күн электр стансасы құрылысының жобасын жүзеге асыру жұмыстарын қолға алды.
«Жоба жеке инвестициялар тарту арқылы қаланың ішінде жүзеге асырылады. Жобаның құны 55 млн. еуроға жуық. Жалпы ауданы - 125 гектар. Пайдалануға беру мерзімі 2016 жылдың бірінші тоқсаны», - деді Ғазизов.
Оның айтуынша, бүгінде күн электр станциясын салуға жер учаскесін бөлу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жобаны жүзеге асыру барысында қазақстандық мазмұн ескеріледі. Фотоэлектрлі модульдерді «Astana Solar» ЖШС компаниясы жеткізетін болады.


Жаңалықтармен бөлісу: