Астанада 500-ден астам жетім балалар отбасыларына алынды

Күні: 09:40, 29-10-2014.

Астанада 500-ден астам жетім балалар отбасыларына алынды


Астана. 29 қазан. ҚазТАГ – Астанадағы оқушылар сарайында «Балаларға жылулық сыйла» ұранымен «Қамқоршылар күні» атты республикалық акция болып өтті, деп хабарлады қала әкімінің сайты. Қала әкімінің сайтында атап көрсетілгендей, «Жетім жыласа, көкте періште күңіренеді» дейді. Астары терең, мағынасы кең, әрине. Алайда, түсініп, күрсініп қоюмен мәселе шешілмейді. Жетімін жылатпаған ата салтын қайта жаңғырту керек. Қаракөздерді қанатына басып, қамқорлық көрсетіп жатқан азаматтар жоқ емес. Бүгін елордада олар үшін арнайы шара ұйымдастырылып, кең пейілді жандар мадақталды.
Айдын Билялова, Астана қаласы Білім басқармасы бөлімінің қызметкері:
«Өз отбасына бала қабылдау үлкен батырлық, ерлік. Өйткені баланы қатарынан қалдырмай өсіру, мейірімге бөлеу оңай емес. Мұндай ата-аналар саны аз емес. Астанада мұндай 578 отбасы бар. 68 бала патронаттық тәрбиеге берілді».
Райхан апай екі баланы нәресте кезінде-ақ жатқа қимай, өз бауырына басқан. Бүгінде 60 алқымдаған кейуана балаларымның табанына батқан тікен, менің маңдайыма батсын деп, қос құлынының тілеуін тілеумен өмір сүреді.
Райхан апай, қамқоршы:
«Балаларды өзім дүниеге әкелгендеймін. Екеуіне біреу қарсы сөйлесе, жүрегім қақ айырылады. Олар үйде жүргеннің өзінде мені іздейді».
Шара барысында ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды өз отбасында тәрбиелеп жатқан 100 қамқоршыға арнайы грамоталар мен сыйлықтар тапсырылды.
Гүлмира Кәрібаева, Астана қаласы балалар үйінің директоры:
«2011 жылы Балалар үйінде жанұяны қолдау қызметі ашылған. Ондағы мақсат баланы жанұяда тәрбиелену құқығын орындау. Статистикаға сүйенсек, 3 жылда 60-қа жуық бала өз жанұясын тапты».
Бүгінде Астанада ата-анасының қарауынсыз қалған 1029 қаракөз болса, оның 383-і интернаттық мекемелерде тәрбиеленуде. 2014 жылы 103 бала асырап алынған. Оның ішінде 65 бала Балалар үйінен асырап алынса, 26 бүлдіршін туған отбасына қайта оралған. Ал, қалған алтауы патронаттық тәрбиеде.


Жаңалықтармен бөлісу: