Астанада «Астана» мен «Галатсарай» матчының өтуі кезінде екі көшедегі қозғалыс шектеледі

Астана. 25 қыркүйек. ҚазТАГ - Мирхат Әжіғалиев. «Астана» мен «Галатсарай» арасында чемпиондар лигасының футбол матчы өтуі кезінде Қабанбай батыр мен Тұран даңғылдары бойынша қоғамдық көлік пен таксиден басқа көліктердің қозғалысы шектеледі, деп хабарлады Астананың ІІД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бахытжан Малыбаев.

«30 қыркүйекте өтетін «Астана» мен «Галатсарай» арасындағы матчтың сағат 22:00-де басталуына орай, сағат 19:00-ден бастап Тұран мен Қабанбай батыр көшелері бойынша, Керей Жәнібек көшесінен Хусейн Бен Талал көшелеріне дейін көлік қозғалысы жабылады», - деді ол жұмадағы брифингте.  

Сондай-ақ ол бұл күні автобус қозғалыстарының қосымша бағыттары ұйымдастырылатынын және оған матч өтетін жерге дейін жол-көлік полициясының ілесіп жүретінін айтты.  

«Автобус бағыттары ұйымдастырылады, олар  6 жерден жанкүйерлерді тасымалдайтын болады. Олардың барлығына жол-көлік полициялары ілесіп жүреді. Такси көліктері өткізіледі, ал басқа көліктердің барлығы «Астана аренасы» стадионына дейін жіберілмейді», - деп түсіндірді Б. Малыбаев.

Сонымен қатар, ол көлік тұрағы ережесін бұзушылар үшін эвакуаторлардың жұмыс жасайтынын еске салды. Мысал ретінде Астанада өткен жолы өткен Чемпиондар лигасының мачын айтты. Ол кезде 50 көлік эвакуацияланған. Оның айтуынша, матч барысында қоғамдық тәртіпті ҚР ҚК ішкі әскері мен ІІД жеке құрамының 2,5 мыңнан астам адамы қамтамасыз ететін болады.

Еске салсақ, 16 қыркүйекте «Астана» Лиссабонда өткен чемпиондар лигасының топтық кезеңінде «Бенфикеден» 2:0 есебімен жеңілген болатын.  

adimage