Астанада қатты аяз салдарынан 14 адам зардап шекті

Күні: 12:54, 06-02-2019.

Астана. 6 ақпан. ҚазТАГ – Астанада 14 адам үсік шалуына байланысты медициналық көмекке жүгінді, оның төртеуі - балалар, деп хабарлады елордалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасынан.
«6 ақпандағы жағдайға сәйкес Астанадағы төмен ауа температура салдарынан медициналық көмек алу үшін денесін үсік шалған 14 адам медициналық ұйымдарға жүгінді», – делінген сәрсенбідегі хабарда.
Ақпарға сәйкес, оның ішінде 12 адам медициналық жедел-жәрдем мекемелеріне жеткізілді, екеуі – өздері жүгінді.
Көмекке жүгінгендердің 10 – ересек адамдар, 4 – балалар. 2017 жылы туған бір бала №2 қалалық балалар ауруханасына жатқызылды. Баланың жағдайы ауырлығы орташа деп бағаланып отыр. Үсік шалудың жеңіл деңгейіне байланысты қалған азаматтар тұрғылықты мекенжайы бойынша амбулаторлық ем қабылдайтын болады.
«Қазгидромет» РМК ақпары бойынша, сәрсенбіде Астанада құбылмалы бұлтты, түнде қар жауады, төменнен сырма соғады. Солтүстік-шығыстан, солтүстіктен 9-14 м/с жел тұрады, түнде екпіні 15 м/с дейін жетеді. Ауа температурасы түнде -37-39, күндіз -30-32.


Жаңалықтармен бөлісу: