Астанада бір жақты қозғалысы бар жаңа жол учаскелері пайда болады

Күні: 10:31, 13-11-2018.

Астана. 13 қараша. ҚазТАГ – Астанада бір жақты қозғалысы бар жаңа жол учаскелері пайда болады, деп хабарлады Астана әкімдігінің сайтынан.  
«Алдағы күндері елордада бір жақты қозғалысқа арналған жаңа жол учаскелері пайда болады. Өзгерістер қаланың оң жақ жағалауындағы екі көшенің бойында енгізілетін болады. Осылайша, бір жақты қозғалыс Бұқарбай батыр көшесінің Жеңіс даңғылынан Әзербайжан Мәмбетов көшесіне дейінгі аралығында және Желтоқсан көшесінің Кенесары көшесінен Бұқарбай батыр көшесіне дейінгі аралығында енгізілмек. Өзгерістер 2018 жылдың 15 қарашасында, яғни бейсенбі күні күшіне енеді. Аталмыш өзгерістер – қаладағы жол қозғалысын оңтайландыру жұмыстарының бір бөлігі. Өзгеріс жол желісіне түсетін жүктемені азайту мақсатында енгізіліп отыр», - делінген дүйсенбідегі хабарда.  
Белгіленген учаскелерге бір жақты қозғалысты енгізу автокөлік ағындарының үздіксіз қозғалысын қамтамасыз ете отырып, қарсы ағынмен шиеленісу нүктелерін азайтудың арқасында жол-көлік оқиғаларының санын азайтады деп күтілуде.
Бұдан бөлек, аталған шаралар бұл көшелердің көлік ағындарын өткізу қабілетін арттырады. Жүргізілген талдау жұмыстырына сәйкес, осыдан біршама уақыт бұрын бір жақты қозғалыс енгізілген көше учаскелеріндегі өткізу қабілеті орта есеппен 30% -ға артқан.
Сонымен қатар, бір жақты қозғалысқа арналған жаңа учаскелерді енгізу бір жақты қозғалыс желісін қалыптастыра отырып, бұған дейін енгізілген бір жақты қозғалыс учаскелерінің тиімділігін арттырады. Сондай-ақ, ол №1 мектеп-лицейге жақын жолдарда көлік қозғалысы жүктемесін төмендетуге септігін тигізбек.


Жаңалықтармен бөлісу: