Астанада көпбалалы аналармен сұхбаттасқан Азаттық Радиосының журналисі полицияға жеткізілді

Күні: 11:22, 13-02-2019.

Алматы. 13 ақпан. ҚазТАГ -  12 ақпан күні Астанада көпбалалы аналармен сұхбаттасқан «Азаттық радиосының» тілшісі Сәния Тойкен полиция бөлімшесіне жеткізілді, деп хабарлады БАҚ.
«Үкіметке талаптарын айтқан бірнеше ана оларға қысым көрсетіліп жатқанын айтты. Мен сұхбат алу үшін солардың бірі Сәбира Есімханованың үйіне келдім. Сосын Көктал-1 ықшамауданында тұратын Күнсұлу Ысқақованың үйіне келдім. Ол жерде полицейлер кезекшілікте тұр екен. Олар менің бұл жеке үйге не үшін келгенімді сұрады, сосын басқармаға баруым керек екенін айтты», - деп келтіреді журналисттің сөздерін «Азаттық радиосы».
Ақпарға сәйкес, полиция қызметкерлерімен бірге С.Тойкен Астанадағы Сарыарқа ауданы полиция басқармасына барған. Ол жерде журналистпен жарты сағаттай қылмыстық тергеу бөлімінің бастығы Данияр Әділов әңгімелескен. Сосын тілшіні жіберген.
Д. Әділов С.Тойкенге «Күнсұлу Ысқақованың үйіне ұры түскенге ұқсайды, сондықтан оны полиция күзетіп тұр» деп түсіндірген.
Еске салсақ, Астанада 4 ақпанға қараған түні Сарыарқа ауданы Шыңғыстау көшесі бойындағы жеке тұрғын үйдің ауласында бөлек орналасқан уақытша жайдан өрт шыққан. Өртті сөндіру барысында бес баланың мәйіті табылған: 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылы туылған. Құтқарушылар нақтылағандай, ата-аналар ол кезде жұмыста болған.
Қоғам өкілдерінің пікірінше, егер елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай түнгі ауысымдағы жұмысқа бару үшін балаларын қараусыз қалдыруға тура келмейтіндей жағдай жасаса ғана қайғылы жағдайдың алдын алуға болар еді.
Осы жағдайдан кейін соңғы бірнеше күн бойы көп балалы аналар аталмыш проблемаларға қатысты қоғамдық жиналыстар өткізуді бастады. Осындай жиналыстардың бірқатары Астанада өтті, алайда, куәгерлердің айтуынша, күш құрылымдары оның өткізілуіне кедергі келтіруде, бұл қоғам тарапынан қосымша сынға ілігуге себеп болды. Наразылық білдіруші аналарға эстрада жұлдыздары араша түсті. Оның ішінде белгілі қазақстандық әнші Сәкен Майғазиев те бар.


Жаңалықтармен бөлісу: