Астана. 3 қыркүйек. ҚазТАГ - Оксана Скибан. Астанада маса шағып көз жұмған әйелге «нақтыланбаған шок» деген қорытынды қойылды, деп хабарлады ҚР денсаулық сақтау вице-министрі Лязат Ақтаева.
«Сәйкесінше, талдау шаралары сот-медициналық сараптамада жүргізіледі. Қазіргі кездегі қорытынды - ол нақтыланбаған шок. Енді басқа да тереңдетілген зерттеулер жүргізіледі. Осының нәтижесінде аталған қайғылы оқиға бойынша нақты қорытынды шығарылады», - деді Л.Ақтаева дүйсенбідегі үкімет кулуарында.
Бұл ретте ол атап өткендей, әйел Астана ауруханасына маса шағып түскен.
«Жақында олар қала сыртына сапарлаған көрінеді, сол кезде оны бір жәндік шағып алған. Көзінің маңында ісік пайда болғаннан кейін, ол бірінші қалалық ауруханаға барды. Алгоритмге сәйкес, дәрігер аллергияға қарсы препараттарды берген. Сәйкесінше, осы препараттарды беру кезінде шоктың белгілері байқалған. Осы орайда науқас өкпені жасанды желдету аппаратына ауыстырылды. Бұл жағдай салдарынан жүрек тоқтап, реанимациялық әрекеттер нәтиже бермеді», - деп түсіндірді ол.
Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі атап өткендей, медициналық рәсімдер кезінде кез келген әрекеттерге жазбаша келісім беріледі. Оның айтуынша, аталған оқиға бойынша келісім болғанын немесе болмағанын анықтау қажет.
«Бұл тұрғыда медициналық құжатнамаға талдау жасау керек, себебі келісім науқастың өзінен алынады. Егер де емделуші кәмелетке толмаған жағдайда ғана, келісімді ата-анасы береді», - деді Л.Ақтаева.
Астанада маса шаққан әйелдің көз жұмуына «нақтыланбаған шок» себеп болуы мүмкін деп атады денсаулық сақтау министрлігінен
