Астанада мектептер мен балабақшаларда педагогтар арасында туберкулез ауруы анықталды

Күні: 16:43, 31-01-2019.

Алматы. 31 қаңтар. ҚазТАГ – Астанада мектептер мен балабақшаларда педагогтар арасында туберкулез ауруы анықталды, деп хабарлады қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің баспасөз қызметінен.
«Астана қаласында №33 балабақшада ағылшын тілі мұғалімінің туберкулезге шалдыққаны анықталған. Сонымен бірге, ол мұғалім №44 балабақшада да еңбек еткен. Ол жөтелуіне байланысты 19 қаңтар күні медициналық ұйымға жүгінген. Диагностикалық процедуралар жүргізілгеннен кейін, оған 25 қаңтарда «туберкулез» диагнозы қойылған», - деп келтірілген баспасөз қызметінің хабарында Астана қаласының қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Сәдуақас Байғабыловтың сөзі.
Оның айтуынша, №80 мектептің бастауыш сыныптарына ағылшын тілінен сабақ беретін мұғалімнің де туберкулезге шалдыққаны белгілі болды. Ол 22 қаңтардан бастап Астана қаласының туберкулезге қарсы диспансерінде ем алып жатыр.
«Аталған балабақшалар мен мектепте эпидемияға қарсы іс-шаралар өткізілді. Атап айтқанда, соңғы дезинфекция жүргізіліп, байланыс шеңбері анықталды, балалардың да науқастану мүмкіндігіне байланысты олар медициналық тексеруден өткізіліп, бақылауға алынды, сонымен бірге, аталған балабақшалар мен мектеп қызметкерлері кезектен тыс тексеруден өтті», - деп түсіндірді С. Байғабылов.
Департамент прокуратура органдары арқылы балабақшалар мен мектептерде кезектен тыс тексеру жұмыстарын жүргізу бойынша жұмыстар атқаруда.
«Тексеру қорытындысы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуы бойынша баға беріліп, білім беру ұйымдарының әкімшілігіне қатысты заң аясында шара қабылданады. 2018 жылы балабақшаның 4 қызметкерінде және 8 мектепте туберкулез анықталды, эпидемияға қарсы шаралраың өткізілуіне орай науқастармен байансыта болған балалар мен қызметкерлер арасында туберкулез ауруы анықталмады», - деді С.Байғабылов.


Жаңалықтармен бөлісу: