«Түркістан облысында синтетикалық есірткі өндірген зертхана анықталды»
Ұлттық қауіпсіздік комитеті прокуратураның үйлестіруімен Түркістан облысында синтетикалық есірткі өндірісі бойынша жасырын зертханасының қызметін тоқтатты, деп хабарлайды El.kz.
ҰҚК мәліметінше, есірткі құралдарының кезекті партиясын дайындау кезінде екі жергілікті тұрғын ұсталды.
«60 келіден астам психотроптық зат және 2,5 тонна прекурсорлар, сондай-ақ «синтетика» дайындауға арналған жабдықтар алынды», - делінген ақпаратта.
Қылмыстық кодекстің 297-бабының 3-бөлігіне сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
«Астанада қоғамдық көлік жолақысы қымбаттайды»
Астанада қоғамдық көлікте жол жүру құны 1 тамыздан бастап Т90-ден Т110-ге артады, деп хабарлайды Aikyn.kz.
Әкімдіктің мәліметінше, қалалық маршруттарда Т90 тариф 2014 жылдың қыркүйегінде белгіленген.
2020 жылдың наурыз айынан бастап Астанада және қала маңында оқитын 18 жасқа дейінгі балалар үшін қоғамдық көлікте жол жүру тегін. Міндетті шарт – мектептің көлік картасының болуы және оны автобуста валидация өткізу.
Сондай-ақ келесі санаттарға жататын азаматтар жеңілдікке ие:
1) дүниежүзілік соғыс қатысушылары мен мүгедектері және оларға теңестірілген адамдар;
2) жасы және еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнеткерлер, сондай-ақ жасы бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша зейнеткерлік жасқа толған мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылар;
3) көп балалы аналар;
4) көпбалалы отбасылар;
5) ерекше күтімді қажет ететін жандар;
6) он сегіз жасқа дейінгі мүгедек балалар, оның ішінде ата-аналарының бірі (заңды өкілдері).
7) «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын оңалту туралы» Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен ақталған 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы Қазақстандағы оқиғаларға қатысушылар қатарынан саяси қуғын-сүргін құрбандары.
«Қазпошта кассирлері Т84 млн жымқырған»
Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, «Қазпошта» кассирлері паспорт пен жеке куәлікті рәсімдеуден түскен пайданы жымқырып, мемлекетке Т84 млн шығын келтірген, деп хабарлайды Курсив.
Қаржылық мониторинг агенттігі тергеу барысында Жамбыл ауданының халыққа қызмет көрсету бөлімінде жұмыс істейтін «Қазпошта» АҚ кассирлері 2021-2023 жылдар аралығында паспорт және жеке куәлікті рәсімдеу барысында мемлекеттік баждың бір бөлігін иемденіп отырғанын анықтаған.
Олар көші-қон қызметіне баж сомасы жайлы жалған ақпарат енгізілген түбіртекті ұсынып, мемлекетке Т84 млн аса шығын келтірген.
Аталған дерек бойынша тергеп-тексеру жалғасып жатыр.
«Елімізде күн 43 градусқа дейін ысиды»
«Қазгидромет» РМК алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамын жариялады, деп жазады Egemen.kz.
«Қазгидрометтің» мәліметінше, 23, 24 және 25 шілдеде Қазақстан аумағында атмосфералық қысым төмендеп, құбылмалы ауа райы қалыптасады.
Мәселен, 24-25 шілде аралығында елдің басым бөлігінде өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнап, екпінді жел соғады, күндіз солтүстік-батыста, солтүстікте бұршақ жаууы мүмкін. Ал шығыс пен оңтүстікте ауа температурасы көтеріледі.
«Күндіз ауа температурасы республиканың шығысында +30...+35, оңтүстікте +38...+43, оңтүстік-шығыста +31...+37 дейін көтеріледі деп болжанып отыр», - делінген хабарламада.
Фото көзі: ҚазТАГ/©Әмір Қасенов