Астанадағы адам өліміне алып келген ЖКО: дәрігерлер зардап шеккендердің жағдайы туралы айтты

Күні: 12:23, 27-03-2019.

Астана. 27 наурыз. ҚазТАГ – Бүгінгі таңда зардап шегушілердің үшеуі жан сақтау бөлімінде жатыр, екі әйелдің аяғын кесті, деп хабарлады №2 қалалық аурухананың бас дәрігері Иван Ли.
Астана әкімі Бақыт Сұлтанов, денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов және астаналық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы сәрсенбі күні ертеңгісін жол апатынан зардап шеккендер жеткізілген №2 қалалық ауруханаға келді.
«Үшеуі жан сақтау бөлімінде жатыр, олар жасанды тыныс алу аппартына қосылған. Бір науқастың аяғын құтқарып қала алмадық, оң аяғын кесуге тура келді, сол аяғы да сынған, бірақ құтқарамыз деп ойлаймыз. Тағы бір әйелдің аяғын кесуге тура келді, екінші аяғын құтқаруға тырысып жатырмыз», - деді Ли сәрсенбіде.
Еске салсақ, сейсенбі күні ертеңгісін Астанада Қабанбай батыр даңғылында үш автобустың, жедел-жәрдем көлігінің, жеңіл көліктің қатысуымен ЖКО орын алды. №301 қала маңына қатынайтын автобус №12 бағыттағы автобуспен соқтығысқан. ЖКО салдарынан 2 адам мерт болып, 35-і зардап шекті, 23-і ауруханаға жеткізілді. Зардап шеккендер арасында 1983 жылы туылған Филиппин азаматы да бар.


Жаңалықтармен бөлісу: