Астанадағы Қазақ Хандығының 550 жылдық мерейтойына арналған шараға Қызылорданың 150-ге жуық өнерпазы қатысады

Қызылорда. 11 қыркүйек. ҚазТАГ – Астанадағы Қазақ Хандығының 550 жылдық мерейтойына арналған шараға Қызылорданың 150-ге жуық өнерпазы қатысады, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.
«Ағымдағы жылдың 11-13 қыркүйек күндері Астана қаласында қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы аталып өтіледі. Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған шара екі күнге жоспарланған. Он бірінші қыркүйек күні Тәуелсіздік сарайында елбасы қатысуымен басталатын мерейтойлық шара түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің 5-ші саммитіне және «Барыс» мұз айдынындағы театрландырылған қойылыммен жалғасады», - делінген жұмадағы ақпараттық парақшада.
Атап көрсетілгендей, келесі күнгі шара  «Қазақ елі» ескерткіші алдында өткізіледі. Мұндағы шаралардың барлығы этноауыл алаңында ұйымдастырылады. Сыр өңірі этноауыл алаңына ұлттық нақышта  жабдықталған 3 киіз үй тігеді. Мерекелік шараға Қызылорда облысынан барлығы 150-ге жуық өнерпаздар мен мәдениет саласының қызметкерлері қатысады.
Концерттік бағдарламада Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі, «Томирис» би ансамблі, жыршы-жыраулар, балалар шығармашылығы фестивалінің лауреаттары  өнер көрсетеді.
Осы ретте бағдарлама аясында Сыр елі өнер шеберлерінің 1 сағаттық концерті, «Ұлықталсын ұлы дала тарихы» атты облыс музейлері қорындағы жәдігерлерден көрме, зергерлік, кілем тоқу өнері, ағаштан бұйымдар жасау бойынша шеберлік дәрістері ұйымдастырылып, қолөнер шеберлерінің бұйымдарынан сату көрмелері және ұлттық тағамдардан Сыр дәмдері ұсынылады.
Облыс өнерпаздары мерейтой шаралар аясында өтетін «Сиқырлы би әлемі» атты би фестиваліне, «Ғасырлар үні» атты этно-концертке және гала-концертке қатысады.

adimage