Астана. 26 наурыз. ҚазТАГ – Астанадағы ЖКО-дан зардап шеккендер қатарында Филиппин азаматы да бар, деп хабарлады елордалық әкімдіктің баспасөз қызметінен.
«Барлығы 35 адам зардап шеккен, екі адам қайтыс болып, 23 адам ауруханаға жатқызылған. 17 адам үйлеріне жіберілген, олар амбулаторлық ем алуда. Қазір үш адамға операция жасалуда, тағы төрт адам дайындалуда. Олардың қатарында 1983 жылы туған Филипин елінің азаматы бар, оның жағдайы ауыр. Алдын ала диагнозы: «Кеуде қуысы жарақаттанған және жамбасы сынған». Зардап шегушілермен психологтар жұмыс істеуде», – деп келтірілген баспасөз парақшасында қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамалжан Надыровтың сөзі.
Оның ақпарынша, ЖКО-ға жедел жәрдем көлігі де түскен. Оның ішінде екі фельдшер мен жүргізуші болған. Жүргізуші дін аман. Ал бір фельдшер жабық бас сүйек-ми жарақатымен бірінші қалалық ауруханаға жеткізілген.
«Қайтыс болған жандардың туған-туыстарына әкімдік атынан және өз атымнан қайғыра көңіл айтамын», – деді Астана әкімі Бақыт Сұлтанов әкімдік отырысында.
Осы орайда әкім бүгінгі жол көлік оқиғасынан қайтыс болғандардың отбасына, зардап шеккендерге жан-жақты көмек көрсетуді және ЖКО-ның себебін анықтауды тапсырды.
Еске салсақ, сейсенбі күні ертеңгісін Астанада Қабанбай батыр даңғылында үш автобус пен жеңіл көліктің соқтығысуынан жол-көлік оқиғасы орын алды. Қала маңына қатынайтын №301 маршрут №12 маршрут автобусымен соқтығысқан.
Астанадағы ЖКО-дан зардап шеккендер қатарында Филиппин азаматы да бар
