Астанада жаңа мешіт ашылды

Күні: 12:27, 29-12-2018.

Астана. 29 желтоқсан. ҚазТАГ – Астанада мешіт ашылды, деп хабарлады елорда әкімінің ресми интернет-ресурсынан.
«Алматы» ауданындағы Ғ. Мұстафин көшесінде жаңа мешіт ашылды. Ол өзге мешіттерден құрылысымен ерекшеленеді», - делінген хабарда.
«Ақ мешіт» мешітінің ашылу салтанатына арналған игі шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз қатысып, жаңадан ашылған мешіт рухани орталық бола отырып Елорданың сәулеттік келбетін аша түскенін айтты.
Оның айтуынша, мешіт мұсылмандардың мінәжат орны болумен қатар, бейбітшілік пен келісім және қазақ елінің тарихын, салт-дәстүрін оқу орталығы сондай-ақ, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді нығайту алаңы болады.
«Жаңадан ашылған «Aq meshit» мешітінің ғимараты толығымен ақ мәрмәрмен көмкерілген.
«Құрылыстың бірегейлігі мұнаралардың санында. Мешіттерде дәстүр бойынша төрт мұнара болады. Архитекторлардың сызбасы бойынша жаңа мешітте екі мұнара бірақ, үш түрлі стильдегі секциялардан тұрады. «Ақ мешітте» бір мезетте 1200 адам құлшылығын өтей алады. Мешіт жанында салынған медресе 75 адамға арналған. Мешітте ерлер мен әйелдер арналған намаз залы, неке қию бөлмесі, мәжіліс залы, Құран оқуға арналған бөлме, мейрамхана және мәйітхана бар», - делінген хабарда.
Хабарда айтылғандай, медреседе сабақ өтетін 9 аудитория, оқушылар мен оқытушылардың тұруына арналған 28 бөлме бар.
«Сонымен қатар, мұнда кітапхана, жаттығу залы, жеке асхана, медициналық пункт, шаштараз және киім жуу бөлмесі бар. Медресені ашудағы мақсат – рухани тәрбие беру», - делінген хабарда.


Жаңалықтармен бөлісу: