Астанада жыл соңына дейін денсаулық сақтаудың үш нысанын ашу жоспарлануда

Күні: 12:49, 16-10-2014.

Астана. 16 қазан. ҚазТАГ – Астанада жыл соңына дейін денсаулық сақтаудың үш нысанын ашу жоспарлануда, деп хабарлады елорданың ресми сайтынан.  
Елорданың ресми сайтында бейсенбі күні жарияланған хабарда айтылғандай, Астанада қалалық емханаларда жүктемені азайту және келушілерге жағдай жасау мақсатында жаңа денсаулық сақтау нысандары пайдалануға беріледі. Биыл бірнеше медициналық мекеме өз жұмысын бастамақ.
Астана қаласы Құрылыс басқармасының мәліметінше, бастапқы медициналық-санитарлық көмек орталығы ашылады. Мекеме Досмұхамедұлы көшесінде салынып жатыр, оны үстіміздегі жылдың қараша айында пайдалануға беру жоспарланған. Орталық қазіргі заманғы қондырғылармен жабдықталып, бір ауысымда 150 келушіні қабылдауға есептелген.
Жыл соңына қарай бір ауысымда 500 келушіге есептелген амбулаториялық емхана кешенін (сол жағалау, №19 көшенің оңтүстігінде) және Ильинка тұрғын алабында бастапқы медициналық-санитарлық көмек орталығын пайдалануға беру көзделген. Бұл туралы Астана қаласының Денсаулық сақтау басқармасы хабарлаған болатын.
Аталған денсаулық сақтау нысандарын тапсыру, сонымен қатар 2013 жылы ашылған амбулаториялық емхана орталығы мен отбасы денсаулығының екі орталығы қаладағы амбулаториялық емхана қызметі бойынша тапшылықты жоюға, емханалардағы кезекті азайтуға және тұтастай медициналық қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.


Жаңалықтармен бөлісу: