Астананың дәрігерлері мен медбикелері АҚШ-та ауруларды қабылдау бөлімінің жұмысын ұйымдастыру курсынан өтеді

Күні: 13:36, 27-10-2014.

Астана. 27 қазан. ҚазТАГ - Астананың дәрігерлері мен медбикелері АҚШ-та  ауруларды  қабылдау бөлімінің жұмысын ұйымдастыру курсынан өтеді, деп хабарлады елорда әкімдігінің баспасөз қызметінен.  
«Үстіміздегі жылы қараша айында Астана қаласының стационарларында жұмыс істейтін алты дәрігер мен медбике Сент-Луис (Миссури, АҚШ) университетінде сынақ ісінен өтеді. Елордалық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, мамандар «Ауруларды қабылдау бөлімінің жұмысын ұйымдастыру» тақырыбындағы сабақтар курсынан өтеді», - делінген дүйсенбідегі елорда әкімдігінің сайтындағы хабарда.  
Хабарда дәрігерлер мен медбикелер американдық медициналық мекемелерде табысты қолданылып жүрген ауруларды қабылдау жұмысын ұйымдастыру әдісімен танысып, шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасатыны айтылған.  
«Олар Қазақстанға оралғаннан кейін Астана қаласының медициналық мекемелеріндегі жұмысты және көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын жақсарту үшін үздік шетелдік тәжірибені жұмыс орындарында енгізетін болады», - делінген хабарда.
Сонымен қатар, медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және практикалық дағдыларын жетілдіру мақсатында 9 дәрігер «Хирургия», «Акушерлік және гинекология», «Қоғамның денсаулығы», «Анестезиология және реаниматология» мамандықтары бойынша Оңтүстік Корея клиникаларында оқитын болады.


Жаңалықтармен бөлісу: