Астраханьда автожолдардағы ТЖ жою жөнінде қазақстан-ресей оқу-жаттығулары өтеді

Алматы. 6 қыркүйек. ҚазТАГ - Астрахань қаласында автожолдардағы төтенше жағдайларды жою жөнінде қазақстан-ресей оқу-жаттығулары өтеді, деп хабарлады ҚР ИДМ баспасөз қызметінен.
«6-7 қыркүйек күндері жалпыға ортақ пайдаланылатын аймақтық маңызы бар «Астрахань – Красный Яр – Қазақстан Республикасы шекарасы» автомобиль жолының 49+451 км учаскесінде  «Автомобиль жолдарында төтенше жағдайлар кезінде көліктің қауіпсіз және кедергісіз қозғалысын қамтамасыз ету» тақырыбында бірлескен Қазақстан-Ресей оқу-жаттығулары өтеді», - делінген бейсенбіде таратылған хабарда.  
Жаттығуда Астрахань облысы Красноярск ауданы Кондаковск өзені көпірінің опырылып құлап, төтенше жағдай әсерінен ауыр жүк және жолаушылар тасымалдайтын автокөлік құралдарының, жеңіл автокөліктердің тұрып қалу жағдайларын жою мен ескерту жөнінде кешенді іс-шаралар өткізілді.
«Іс-шара теориялық және тәжірибелік болып екі бөлімнен тұрады. Бірінші күні, 6 қыркүйекте Астрахань облыстық әкімшілік ғимаратында  екі ел жол қызметінің шекаралас автомобиль жолдарында төтенше жағдайлар туындаған кезде өзара іс-қимылы мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, автожолдарды салу, реконструкциялау және жөндеуден өткізгенде қолданылатын жаңа технологиялар мен күтіп ұстау ерекшеліктері де талқыға түсті», - делінген хабарда.
Оқу-жаттығудың тәжірибелік бөлімі 7 қыркүйек күні жоғарыда аталған автомобиль жолы учаскесінде өтеді. Оқу-жаттығу барысында автожол қызметінің, ТЖМ қызметінің, ІІМ, алғашқы медициналық көмек көрсететін қызмет пен басқа да қажетті қызметтердің қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары көрсетілетін болады.



adimage