Алматы. 8 тамыз. ҚазТАГ – Қырғызстаның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев пен оның жақтастары митинг өткізу үшін Бішкекке баруға ниетті, деп хабарлады Қырғыз телеграф егенттігі (ҚырТАГ).
«Адамдардың жартысы «Форумға» барамыз дейді, енді бір бөлігі Ақ үйге барамыз дейді. Бірақ алдымен біз «Форумға» барамыз, ал ары қарай керек болса Ақ үйге барамыз», - деп мәлімдеді Атамбаев бейсенбіде.
Хабарда атап өтілгендей, әлеуметтік желілерде Атамбаевтың жақтастары сағат 16.30-да Бішкекте митинг өткізуге ниетті екендері туралы хабар тараған.
«Бүгін ертеңгісін журналистермен кездесуде Атамбаев оның айналасындағы адамдардың арасында қарудың тек онда ғана бар екені туралы сенімді мәлімдеме жасаған. Және арнайы жасақ оның үйіне шабуылдаған кезде тек ол ғана атқанын айтты», - делінген хабарда.
Еске салсақ, 7 тамыз күні кешкісін Шу облысы Аламадун ауданы Қой-Таш ауылында Атамбаевты ұстау бойынша арнайы операция басталған еді.
Оқиға орнында жедел-жәрдем бригадасы құрамында болған Бішкектің ШМО директоры Искендер Шаяхметовтың айтуынша, Атамбаевтың жақтастары қару қолдануда.
ҚР МҰҚК мәлімдеуінше, арнайы жасақ жауынгерлері Атамбаеты ұстау бойынша арнайы операция кезінде қару қолданбаған, тек резеңке оқтар мен шулағыш граната қолданған.
Атамбаевты бес эпизод бойынша жауап алу үшін ұстауға тырысуда: заңдағы ұры А.Батукаевты босату дерегі бойынша; Қой-Таш ауылында Атамбаевтың үйі орналасқан жер теліміне қатысты; экс-президенттің салықтық декларациясы бойынша; «Бішкек қаласының ЖЭО жаңғырту» жобасын дайындау, қол қою және жүзеге асыру кезіндегі сыбайлас жемқорлық; Бішкек ЖЭО-ға заңсыз көмір жеткізуге және «Рассвет Компани» мен «Прогресс Компанидің» қосылуына Атамбаевтың қатыстылығы дерегі бойынша.
Жогорку Кенеш 27 маусымда Атамбаевты экс-президент және қол сұғылмаушылық мәртебесінен айырды. Оған депутаттық комиссия қорытындысы негіз болды. Олар Атамбаевқа алты тармақ бойынша айып тақты, оның бесеуін бас прокуратура мақұлдады.
Атамбаевтың өзі тағылған айыптардың бірде-бірін мойындамады және оны ұстауға тырысқан жағдайда қорғануға ниетті екенін мәлімдеді. «Менің атыма жазылған қаруым бар», - деп мәлім етті Атамбаев. Атап өтелік, Атамбаев үш рет түсінік беруден бас тартты. 8 тамызға қараған түні Қырғызстанның экс-басшысы жауынгерлерге бейбіт тұрғындарға қатысты қару қолданбау қажеттігі туралы мәлімдеме жасады.
Соңғы ақпар бойынша, Атамбаевты ұстауға тырысу кезінде арнайы жасақтың бір жауынгері қаза тапқан, Шу облысы МІІБ басшысы Самат Құрманқұлов ауыр жарақат алған, оның жағдайын дәрігерлер аса ауыр деп бағалауда. Жалпы 45-тен астам адам зардап шеккен. Арнайы жасақ жауынгерінің өлімі, Құрманқұловты өлтіруге оқталу және арнайы жасақтың алты жауынгерін кепілге алу бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Қазір Атамбаевтың Қой-Таштағы резиденцисында оның 3 мыңға жуық жақтасы жүр. Президент Сооронбай Жээнбеков ҚР қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысында Атамбаевтың заң аясында тергеу амалдарын жүргізуге аяусыз қарулы қарсылық таныта отырып, Конституцияны өрескел бұзды деп мәлімдеді. Ол қауіпсіздік кеңесінің мүшелеріне елде заңдылықтың, бейбітшілік пен қауіпсіздіктің сақталуы бойынша барлық шаралардың орындалуы қажеттігін атап өтті, соған байланысты Жээнбековтың айтуынша, кезек күттірмейтін шаралар қолданылуы керек.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қырғыздың бұрынғы басшысы Алмазбек Атамбаевты ұстауға қатысты жағдайды Қырғызстанның ішкі шаруасы деп пікір білдірді.
«Қазақстан Президенті Қырғызстандағы болып жатқан жағдайды мұқият бақылап отыр. Мемлекет басшысы бауырлас көрші елдегі ахуал Қырғыз Республикасының ішкі шаруасы деп есептейді. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жағдай жуық арада елдің қолданыстағы заңы аясында шешілетініне үміттенеді», - деп хабарлады бейсенбі күні ҚР президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли.
Атамбаев пен оның жақтастары митинг өткізу үшін Бішкекке баруға ниетті
