Алматы. 8 тамыз. ҚазТАГ – Қырғызстанның мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің (МҰҚК) ақпарынша, бұрынғы қырғыз басшысы Алмазбек Атамбаевтың жақтастары арнайы жасақ әскерилерінен 55 дана қару тартып алды, деп хабарлады Қырғыз телеграф агенттігі (ҚырТАГ).
«Атамбаевтың жақтастары күш көрсете отырып, арнайы жасақ жауынгерлерінен 25 дана помпалық қару, 14 АКА-74 автоматын, 15 пистолет пен оқ-дәрілерді тартып алды», - деп хабарлады бейсенбіде Бішкекте Жогорку Кенештегі кезектен тыс отырыста Қой-Таш ауылындағы жағдай туралы баяндаған МҰҚК төрағасы Орозбек Опумбаев.
Ол арнайы жасақтың 25 қызметкерінің дене жарақатын алғанын растады.
«Бір жауынгердің жағдайы ауыр, оның көзін рикошетпен ойып жіберген. Тағы бір жауынгер ауыр жарақат алған. Екеуі де жан сақтау бөлімінде. Және бұған дейін хабарланғандай, арнайы жасақтың тағы бір жауынгері алған жарақатынан қаза тапты», - делінген хабарда.
МҰҚК басшысы атап өткендей, «бұл әскери операция емес еді, тек Атамбаевты тергеу органдарына жауап алу үшін әкелуге тырысу болатын».
«Міне сондықтан да, арнайы жасақ жауынгерлері әскери қарумен қаруланған жоқ. Алайда Атамбаев күш құрылымдарының талаптарына мойынсұнған жоқ, оның жақтастары қарулы қарсылық танытты», - деді ол.
Қырғыз арнайы қызмет басшысы депутаттарға бұрынғы президент Атамбаевтың қаруы барын, атап айтсақ снайперлік Драгунов винтовкасы барын бірнеше рет мәлімдегенін еске салды.
«Бүгін атыс қаруынан қаза тапқан арнайы жасақ қызметкеріне сараптама жасалады. Сараптама нәтижесі бойынша оның қандай қарудан мерт болғаны анықталатын болады», - деді Опумбаев.
Баяндама жасап болғасын, парламент депутаттарының сұрақтарына жауап берген ол отставкаға кетіп бара жатқанын мәлімдеді.
«Мен өз кінәмді мойындаймын. Және ертеңгісінгі қауіпсіздік кеңесінің отырысында отставкаға кететінімді айтқан болатынмын», - деді Опумбаев.
Еске салсақ, 7 тамыз күні кешкісін Шу облысы Аламадун ауданы Қой-Таш ауылында Атамбаевты ұстау бойынша арнайы операция басталған еді.
Оқиға орнында жедел-жәрдем бригадасы құрамында болған Бішкектің ШМО директоры Искендер Шаяхметовтың айтуынша, Атамбаевтың жақтастары қару қолдануда.
ҚР МҰҚК мәлімдеуінше, арнайы жасақ жауынгерлері Атамбаеты ұстау бойынша арнайы операция кезінде қару қолданбаған, тек резеңке оқтар мен шулағыш граната қолданған.
Атамбаевты бес эпизод бойынша жауап алу үшін ұстауға тырысуда: заңдағы ұры А.Батукаевты босату дерегі бойынша; Қой-Таш ауылында Атамбаевтың үйі орналасқан жер теліміне қатысты; экс-президенттің салықтық декларациясы бойынша; «Бішкек қаласының ЖЭО жаңғырту» жобасын дайындау, қол қою және жүзеге асыру кезіндегі сыбайлас жемқорлық; Бішкек ЖЭО-ға заңсыз көмір жеткізуге және «Рассвет Компани» мен «Прогресс Компанидің» қосылуына Атамбаевтың қатыстылығы дерегі бойынша.
Жогорку Кенеш 27 маусымда Атамбаевты экс-президент және қол сұғылмаушылық мәртебесінен айырды. Оған депутаттық комиссия қорытындысы негіз болды. Олар Атамбаевқа алты тармақ бойынша айып тақты, оның бесеуін бас прокуратура мақұлдады.
Атамбаевтың өзі тағылған айыптардың бірде-бірін мойындамады және оны ұстауға тырысқан жағдайда қорғануға ниетті екенін мәлімдеді. «Менің атыма жазылған қаруым бар», - деп мәлім етті Атамбаев. Атап өтелік, Атамбаев үш рет түсінік беруден бас тартты. 8 тамызға қараған түні Қырғызстанның экс-басшысы жауынгерлерге бейбіт тұрғындарға қатысты қару қолданбау қажеттігі туралы мәлімдеме жасады.
Соңғы ақпар бойынша, Атамбаевты ұстауға тырысу кезінде арнайы жасақтың бір жауынгері қаза тапқан, Шу облысы МІІБ басшысы Самат Құрманқұлов ауыр жарақат алған, оның жағдайын дәрігерлер аса ауыр деп бағалауда. Жалпы 45-тен астам адам зардап шеккен. Арнайы жасақ жауынгерінің өлімі, Құрманқұловты өлтіруге оқталу және арнайы жасақтың алты жауынгерін кепілге алу бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Қазір Атамбаевтың Қой-Таштағы резиденцисында оның 3 мыңға жуық жақтасы жүр. Президент Сооронбай Жээнбеков ҚР қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысында Атамбаевтың заң аясында тергеу амалдарын жүргізуге аяусыз қарулы қарсылық таныта отырып, Конституцияны өрескел бұзды деп мәлімдеді. Ол қауіпсіздік кеңесінің мүшелеріне елде заңдылықтың, бейбітшілік пен қауіпсіздіктің сақталуы бойынша барлық шаралардың орындалуы қажеттігін атап өтті, соған байланысты Жээнбековтың айтуынша, кезек күттірмейтін шаралар қолданылуы керек.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қырғыздың бұрынғы басшысы Алмазбек Атамбаевты ұстауға қатысты жағдайды Қырғызстанның ішкі шаруасы деп пікір білдірді.
Бұған дейін Атамбаев митинг өткізу үшін Бішкекке баруға ниетті екенін мәлімдеді. Сонымен қатар қарудың тек онда ғана барын және тек өзі ғана атқанын сенімді түрде мәлімдеген еді.
«Қазақстан Президенті Қырғызстандағы болып жатқан жағдайды мұқият бақылап отыр. Мемлекет басшысы бауырлас көрші елдегі ахуал Қырғыз Республикасының ішкі шаруасы деп есептейді. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жағдай жуық арада елдің қолданыстағы заңы аясында шешілетініне үміттенеді», - деп хабарлады бейсенбі күні ҚР президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли.
Атамбаевтың жақтастары арнайы жасақ әскерилерінен 55 дана қару тартып алды – Қырғызстанның МҰҚК
