Атбасарда жазушы Ілияс Есенберлиннің 100 жылдығына орай ескерткіш ашылды

Көкшетау. 18 қыркүйек. ҚазТАГ – Ақмола облысында көрнекті қазақ жазушысы Ілияс Есенберлиннің 100 жылдығына орай ескерткіш ашылды, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметінен.  

«Ақмола облысы Атбасар қаласындағы ескерткіштің салтанатты ашылуы Ілияс Есенберлиннің 100 жылдығына арналды. Шараға жазушының балалары, немерелері, шөбарелері қатысты,облыс әкімі Сергей Кулагин  Атбасар қаласының тұрғындары мен қонақтарына құттықтау сөзін арнады», - делінген жұмадағы хабарда.  

  Ескерткішті  жергілікті мүсінші Леонид Седлецкий жасаған.  

«Ескерткіш Атбасардың бас алаңында орналасқан. Биіктігі 2,5 м. Жазушы І.Есенберлиннің ескерткішін тұрғызуға Т28 млн жұмсалған, оның ішінде Т12 млн –  Атбасар ауданы тұрғындарының ерікті түрде жинаған қаржысы», - деп толықтырды баспасөз қызметінде.  

Сонымен қатар, мереке аясында І.Есенберлиннің әдеби мұражайының жаңа экспозициялық залының таныстырылымы болды. Келушілерге жазушының жеке заттары, музыкалық аспабы мен әр түрлі тілдегі кітаптары көрсетілді.  

І.Есенберлин – қазақ жазушысы, қазақ халқының қалыптасуы мен өмірі туралы «Көшпенділер», «Алтын орда» эпопеяларының және басқа да шығармалардың авторы. Оның кітаптары Еуропаның бірнеше тіліне аударылған.  

adimage