Атырау облысында кәсіпкерлер үшін кедергілер құратын меморгандардың рейтингі жасалады

Атырау. 14 қараша. ҚазТАГ – Атырау кәсіпкерлер үшін кедергілер құратын меморгандардың рейтингі жасалады, деп хабарлайды агенттік тілшісі.
«Жыл соңына таман Атырау облысының кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерліктің дамуына көп бөгет жасайтын меморгандардың рейтинг қорытындысын жария етеді. Пилоттық жоба ағымдағы жылдың басында іске қосылған. Меморгандар рейтингі кәсіпкерлік субъектілерінің арасында жүргізілетін сауалнама нәтижелерінің негізінде құрылмақ», - деді жұма күні Атырау облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Асылбек Жәкиев.
«Біз меморгандарды қалайда жазалау мақсатын қумаймыз. Біздің міндетіміз – жұмыс жасау кезінде кәсіпкерлерге көп кедергі тудыратын мемлекеттік органдарды анықтау, олардың пайда болу себептерін біліп, бизнесмендер емін-еркін жұмыс істей алуы үшін аталған әкімшіліктік кедергілерді жою», - деп толықтырды ол.
Оның айтуынша, бүгінде әкімшіліктік кедергілерге деген кәсіпкерлердің шағымдар шегі сыни межеге жеткен.
«Бизнесмендер бірнеше жыл бойы қандай да бір шешімнің орын алуын күтіп отыр», - деді А. Жәкиев.
Биылдың басында 30 мемлекеттік қызмет бойынша қоғамдық мониторинг жүргізіліп, оның аясында 684 кәсіпкерлік субъектісі сұралған болатын.
«Нәтижелер бірқатар мемлекеттік қызметтердің сапасына көңіл толмайтындығын көрсетті. Атап айтқанда, сұралғандардың 62%-дан көбі жер қатынастары саласындағы проблемаларға қынжылысын білдірген», - деп нақтылады А. Жәкиев.

adimage