Атырау облысында патронат тәриешілердің еңбекақысына Т14,7 млн бөлінді

Күні: 19:36, 16-10-2014.

Атырау. 16 қазан. ҚазТАГ - Атырау облысында патронат тәрбиешілердің еңбекақысына  Т14,7 млн бөлінді, деп хабарлады облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Злиха Дүйсекенова.
«Патронат тәрбиешілердің еңбекақысына облыстық бюджеттен 14 млн 704 мың теңге бөлінді.  Бұл бұрынғы жылдарға қарағанда көптеу. 2013 жылы шамамен 11,8 млн теңге, 2012 жылы 7 млн 56 мың теңге бөлінді», - деді З.Дүйсекенова бейсенбіде.
Ол қазіргі таңда патронаттық тәрбиеде 23 бала барын айтты.  
«Оның ішінде көбі Атырау қаласында - 18 бала. Жылыой мен Индер аудандарында патронаттық тәрбиеде 2 баладан және Махамбет ауданында 1  баладан бар», - деп толықтырды  З.Дүйсекенова.
Оның айтуынша, ағымдағы жылдың басынан бастап бес бала патронаттық тәрбиеге берілген.
Сондай-ақ ол патронаттық тәрбиедегі төрт баланың асырап алынғанын да атап өтті.
Қазіргі таңда Атырау облысы бойынша 747 жетім бала бар.
Патронаттық тәрбие — қараусыз қалған балаларды қамқоршылық функцияны атқаратын орган мен тәрбиелегісі келетін отбасының арасындағы келісім бойынша сол отбасыға тәрбиеге беру түрі.


Жаңалықтармен бөлісу: