Атырау облысында жаңа туылған сәбилерге көрсетілетін медициналық қызметтің әлсіздігі мүгедек балалар санының артуына әкеліп отыр – сарапшы

Атырау. 30 қазан. ҚазТАГ – Атырау облысында мүмкіндігі шектеулі балалар санының артуына жаңа туылған сәбилерге көрсетілетін медициналық қызметтің әлсіздігі себеп болып отыр, деп мәлімдеді өңірдің психолого -медико - педагогикалық кеңес меңгерушісі Зәуреш Әйтенова.
  
«Соңғы кездері мүмкіндігі шектеулі балалар саны көбейіп жатыр. 1997 жылы облыстық психолого-медико-педагогикалық кеңестің есебінде психо - физикалық дамуы тежелген 450 бала болған болса, қазір олардың саны 5987 адамға өскен. Оның ішінде 2732-сі мүгедек балалар», - деді  З.Әйтенова бейсенбіде мүмкіндігі шектеулі балаларды түзетімдік қолдау мәселесі бойынша өңірлік конференцияда.  

«Біз мұның бұлай өсуіне не себеп деген сұрақ қойып отырмыз. Оған бірнеше себеп бар. Алдымен, перзентханадан шыққаннан кейін жаңа туылған сәбиге медициналық қызмет көрсетудің әлсіздігі, жүкті әйелдердің сауаттылығының төмендігі, өңірдегі экологиялық ахуалдың төмендеуі», - деп толықтырды ол.

Тағы маңызды мәселелердің бірі, оның айтуынша, психолого-педагогикалық түзетім кабинеттерінің болмауы.

«Мысалы, Атырау қаласында арнаулы (түзетім) көмекпен қамтылмаған мүмкіндігі шектеулі балалар саны  1792, олар мектепке дейінгі жастағы балалар.  Мектеп жасындағы балалар да бар, олардың саны - 558. Ол мектепте бірде-бір психолого - педагогикалық түзетім кабинетінің болмауымен байланысты. Тек бір ғана логопункт бар», - деп атап өтті З. Әйтенова.

Ол хабарлағандай, Атырауда өткен өңірлік конференцияда мүмкіндігі шектеулі балалардың инклюзивті және арнаулы (түзетім) оқулармен қамтылу мәселелері қаралатын болады.

adimage