Атырауда кәсіпкерлерге электроэнергия үшін алдын ала төлемді алып тастады

Атырау. 12 қараша. ҚазТАГ – Атырауда кәсіпкерлерге электроэнергия үшін 100%-дық алдын ала төлеуді алып тастады, деп хабарлады Атырау облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы Әсел Тұяқбаева.
«Атырау облысының кәсіпкерлер палатасы мен «Атырау Энергосату» ЖШС арасында шағын бизнес субъектілеріне электроэнергия үшін 100%-дық алдын ала төлеуді алып тастау туралы меморандумға қол қойылды. Меморандумға сәйкес іс басындағы электрмен қамту келісімдеріне 100%-дық алдын ала төлеу жөніндегі шарттар бөлігінде өзгерістер енгізілетін болады», - деп хабардар етті Ә. Тұяқбаева.
Оның айтуынша, электроэнергия үшін 100%-дық алдын ала төлеуді енгізу қажеттілігі туралы шарт шағын бизнес субъектілерінің маңызды проблемалық мәселелерінің бірі болған еді. Оған дәлел – кәсіпкерлердің энергиямен қамтушы ұйымдардың электроэнергия үшін 100%-дық алдын ала төлеу қажеттілігі туралы шарттың заңдылығын анықтап беру талабымен сан мәрте жүгінулері, себебі ол қосымша қаржылай жүк салып, бизнестің дамуына кері әсерін тигізетін.
«Кейбір жағдайларда кәсіпкерлер аталған алдын ала төлемді төлеу үшін қосымша несиелер алып отырғанын да атап өткен жөн», - деп баса айтты Ә. Тұяқбаева.
Сондай-ақ ол «Атырау Энергосату» ЖШС жеткізіп отырған электр энергиясына 100%-дық алдын ала төлем жөніндегі талаптың заңсыз болып табылатынын атап өтті.
«ҚР Азаматтық кодексінің 448 бап 1 бөліміне сәйкес энергиямен қамту келісімі бойынша энергия төлемақысы іс жүзінде абоненттің энергия пайдалану санына қарай өндіріледі, ал ол есептегіш құрылғылардың көрсеткіштеріне сай анықталады», - деп нақтылады Ә. Тұяқбаева.

adimage