Атырауда мұғалімдер әулеті туралы бейнекөрсетілім түсірілді

Атырау. 21 қазан. ҚазТАГ – Атырауда мұғалімдер әулеті туралы бейнекөрсетілім түсірілді, деп хабарлады Атырау облысы білім басқармасының сайтынан.  

«Мұғалімдер күнін меркелеу қарсаңында әр педагог әулеті туралы - ал ондайлар облыста аз аз емес – бейнекөрсетілім түсірілді. Исатай ауданынан келген Карабалиндер әулетінің педагогтар династиясы Карабалин Қондыбай ақсақалдан бастау алады. Исатай ауданы мектептерінің директоры, оқу ісінің меңгерушісі қызметтерінде 40 жыл еңбек еткен, «Құрмет белгісі» орденінің иегері болған. Ұстаздар династиясы 4 буынды, 32 адамды құрайды. Әулеттің жалпы педагогикалық өтілі - 737 жыл», - делінген хабарда.

Исатай ауданынан келген Қарабаевтар әулетінің мұғалімдер династиясы Қарабаев Қасымнан басталады. 38 жыл мұғалімдік қызмет атқарған Қасым ақсақал ұрпақтарына ұстаздық мамандықтың ұлағатты қасиеттерін сіңірген. Соның арқасында Әулетте 34 мұғалім болса, жалпы педагогикалық өтілі 768 жылды құрайды.

Атырау қаласының Тауфиховтар әулетінің мұғалімдер династиясының бастауы – Хабиев Тауфих Хабиұлы. Еңбек жолын 1961 жылы бастаған. Мектеп директоры, Балықшы аудандық білім бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. Өмірден өткен жолдасы Хабиева Мағия апай да көп жыл мұғалім болған. Ұстаздық жолды 1 ұлы, 3 қызы, 2 келіні таңдаған.

Индер ауданынан келіп отырған Ибрашевтар әулетінің мұғалімдер династиясы Ибрашев Алпан ағайдан басталады. 40 жылдық ұстаздық жолында қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі, Қ.Абақанов атындағы орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған. «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің озық қызметкері». Жұбайы Мәніш апай бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек еткен. 2 қызы, 1 ұлы, 3 немересі мұғалімдік мамандықты қалаған.

Құрманғазы ауданынан келіп отырған Өтегеновтер әулетінің мұғалімдер династиясы Өтегенов Мүти атты ұстаздан бастау алады. Өтегенов Тағанхожа Құрманғазы аудандық білім бөлімінің меңгерушісі, мектеп директоры болып еңбек еткен. Жұбайы Қуанышбаева Қансұлу 30 жыл математика пәнінен дәріс берген. Әулетте 3 ұл, 2 қыз, 1 немересі, келіні ұстаздық династияны жалғастырып келеді

Мақат ауданынан келіп отырған Кейкешевтер әулетінің мұғалімдер династиясының негізін қалаушы - Кейкешев Қасымқожа Жақсығалиұлы. Қасымқожа Жақсығалиұлы Үміт апай екеуі - 3 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірген ұлағатты отбасы иелері. Еңбек жолын Абай атындағы орта мектебінен бастаған Қасыможа Жақсығалиұлы Б.Қанатбаев атындағы орта мектебінде 40 жыл мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, 20 жыл мектеп директоры болып қызмет атқарған. «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің озық қызметкері», Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген білім беру қызметкері» атақтарының иегері, Мақат ауданының Құрметті азаматы. 3 қызы - әке кәсібін, 2 келіні - ата кәсібін жалғастырушылар.

Облыстың білім беру саласының ардагерлеріне сыйлықтар мен гүл шоқтары табыс етілді.

Ұстаздар династиясы ұлықталды: облыс әкімінің атынан қатысқан ұстаздар әулеттеріне бағалы сыйлық ұсынылды.  
Облыстың білім беру саласының дамуына үлес қосқаны, жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу ісіндегі жетістіктері үшін бірқатар облыс білім беру қызметкерлері Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Ы.Алтынсарин», «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгілерімен, Құрмет грамотасымен және Алғысымен, Атырау облысы әкімінің Алғысымен, облыстық мәслихаттың Алғысымен марапатталды.

Мереке қарсаңында бірқатар облыс педагогтары «НұрОтан» Партиясы Атырау облыстық филиалының «Алғыс хатымен» және бағалы сыйлықпен марапатталды.

Және де Форум аясында қала, аудандар орталықтарында, облыстық білім беру ұйымдарында салтанатты іс-шаралар өткізілді: марапаттау рәсімдері, ардагер-ұстаздармен кездесулер, дөңгелек үстелдер, жас мамандарды педагог қатарына қабылдау рәсімдері, спорттық шаралар.

adimage