Атырауда облыстық перзентхана басшысы ұсталды

Астана. 3 қазан. ҚазТАГ – Атырауда Атырау облыстық перинаталдық орталығының басшысы қамауға алынды, деп хабарлады ҚР Сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметінің баспасөз қызметінен.
«Атырау облысының сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметі бірнеше мәрте сыбайлас жемқорлыққа жол берді деген күдікпен «Атырау облыстық перинаталдық орталығы» ШЖҚ РМК басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады. (…) Сот санкциясымен күдікті қамауға алынған. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда», - делінген бейсенбідегі хабарда.
Ведомство ақпарынша, «Атырау облысы бойынша сот-медициналық сараптама институты» РМҚ басшылығына босанған әйелдің қайтыс болу фактісі бойынша сараптаманың оң қорытындысын бергені үшін 300 мың теңге сомасында пара берді, деген күдікке ілініп отыр.
Сонымен қатар, аталған лауазымды тұлғаның босанушы әйелдерден қолайлы жағдай жасау үшін бірнеше рет пара алуға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Бұдан бөлек, осы басшының лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану, 1,5 млн. теңге сомасында демеушілік қаражатты өз қажеттіліктеріне (шетелде демалуға) қолдану күдігі бойынша да тергеу жүргізілуде.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметі атап өктендей, көрсетілген қаражат дәрігерлердің біліктілігін арттыруға шетелдік іссапар жолдамасын төлеу үшін жеке компанияның директорынан демеушілік көмек ретінде алынған.
«Күдіктіге қатысты түпкілікті шешімді оның кінәсінің деңгейін анықтау арқылы сот қабылдайтын болады», - делінген хабарда.

adimage