Атырауда жапондық компания Жайық өзенінің жағалауын бекітумен айналысады

Алматы. 2 қазан. ҚазТАГ – Атырауда жапондық компания Жайық өзенінің жағалауын бекітумен айналысады, деп хабарлады Атырау облысы өңірлік коммуникация қызметінен.
«Атырауда жапондық "Tokyo Rope" компаниясы кеңсесінің ашылу салтанаты өтті. Инвестор алдағы жылы Жайық өзенінің жағалауын бекіту жұмыстарын бастайды», - делінген сәрсенбідегі хабарда.
Kazakh Invest ұлттық компаниясының өңірлік өкілі Ержан Көлбаевтың ақпарынша, жобаны жүзеге асыру 2020 жылы басталады.
«Жобалау тапсырмасын алу, сәулет-жоспарлау тапсырмасын жаңарту, эскизін келісу, жобалау-сметалық құжаттамасын дайындау жұмыстарына көмектестік. Жыл соңына дейін мемлекет-жекеменшік серіктестік аясында жобаны іске асыру келісімшартына қол қойылады. 2020 жылы жер жұмыстары басталады», - деді Көлбаев.
Хабарда атап өтілгендей, жағалауды бекіту жұмыстарының жалпы ұзындығы 4,5 км. құрайды.
«Tokyo Rope» компаниясының бұл бағытта тәжірибесі бар. Компания биыл Есентай өзені жағалауын қалпына келтіру жұмыстарын аяқтады. Ұзындығы 2 км учаскенің жағалауы ауыр габиондарды қолдану арқылы бекітілді», - деді ӨКҚ.

adimage