Атыраулық мұғалімдер тестілеуден өтеді

Атырау. 30 қыркүйек. ҚазТАГ – Атыраулық мұғалімдер тестілеуден өтеді, деп хабарлады облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Злиха Дүйсекенова.

«Мұғалімдер өздері сабақ беретін пәннен тест тапсырады. Ондай болады деп ойламаймын (мұғалімдердің тестілеуден өтпей қалуы – ҚазТАГ), мұғалімдер өз пәндерін білетін шығар. Не болғанда да бұл кейін нәтижені халыққа жариялау үшін жасалуда», - деді З.Дүйсекенова баспасөз мәслихатында.  

Мұғалімдерді тетілеуден өткізуге атыраулық түлектердің бірнеше жыл қатарынан ҰБТ көрсеткіштерінің төмен болуы себеп болып отыр.  

«Қалыптасқан тәжірибе бойынша әр ай сайын 11 класс оқушылары сынақ тестін тапсырады. Және мектеп көрсеткішін төмендетпеу үшін мұғалімдер балалардың шпаргалка, телефон, калькулятор қолданатындарына көздерін жұма қарайды. Нәтижесінде сынақ тестерінде 100 және одан жоғары балл жинағандар ҰБТ кезінде шекті балды да ала алмай жатады», - деді З. Дүйсекенова.

Білім сапасын арттыру бойынша қолға алынып жатқан шаралар туралы сұраққа З.Дүйсекенова алдағы уақытта сынақ тестін мектептерде мұғалімдер емес аудандық және қалалық білім бөлімдерінің әдіскерлері алатынын айтты.  

adimage