Ауылдың амандығы – елдің амандығы, деп санайды Назарбаев

Күні: 14:00, 08-11-2018.

Астана. 8 қараша. ҚазТАГ - Мемлекеттік хатшы, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова «Әйелдердің ауылдық аймақтарды орнықты дамытуға қосқан үлесі» атты Қазақстанның ауыл әйелдерінің І форумына қатысты, деп хабарлады мемлекет басшысының баспасөз қызметінен.  
Гүлшара Әбдіқалықова құттықтау сөзінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ауыл – алтын бесік, ауылдың амандығы – елдің амандығы» деген сөзіне тоқталды.
«Ауыл – халқымыздың бірлігі мен бірегейлігінің, тарихы мен мәдениетінің, ел дамуының қайнар көзі. Яғни, ауылды өркендету мемлекетімізді дамытудың маңызды шарттарының бірі болып саналады», - деді мемхатшы.
Г.Әбдіқалықова Қазақстанда 4 миллионға жуық әйелдің ауылда тұратынын атап өтті. Олар бүгінде мемлекеттік басқару органдарында кеңінен өкілеттік етуде. Аудандық мәслихат депутаттарының 512-сі әйел, 5-еуі – аудан әкімі, 348-і – ауылдық округтер мен кент әкімдері. Олар 60 мыңдай ауыл тұрғынын жұмыспен қамтитын 40 мыңнан астам шаруа қожалықтарын және фермаларды басқарады. Өткен жыл қорытындысы бойынша жалпы құны 1,2 триллион теңгенің азық-түлігі өндірілді.
Бүгінде 1,5 мың әйел Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша өз бизнесін табысты дамытуда. Бағдарлама аясында 6 210 әйел бизнесті бастаудың қыр-сырын оқып-үйренді, жалпы құны 735 миллион теңге болатын 174 несие берілді.
Жиынға Парламент депутаттары, Еуропа қайта құру және даму банкінің вице-президенті Э.Нэльсон, Еуропа Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы Астанадағы бағдарламалар кеңсесі басшысының орынбасары Д.Дигол, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелері, мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдар, азаматтық қоғам өкілдері қатысты.


Жаңалықтармен бөлісу: