Аяз салдарынан Астана «Нұрлы Жол» - Қызылорда бағытындағы пойыз тоқтатылды

Күні: 11:54, 06-02-2019.

Астана. 6 ақпан. ҚазТАГ – Аяз салдарынан Астана «Нұрлы Жол» - Қызылорда бағытындағы пойыз рейстері тоқтатылды, деп хабарлады «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметінен.
«Жел мен ылғалдылықты қоспағанда, ауа температурасының минус 35 градусқа төмендеуіне байланысты, Астана «Нұрлы жол» - Қызылорда бағытындағы №92 және кері бағыттағы №91 жолаушылар пойыздары тоқтатылды», - делінген хабарда.
Ақпарға сәйкес, №92 пойызы Айса стансасында тоқтатылып, Қарағандыға қайтарылды. Сол жерде жолаушыларға билеттің құны 100% қайтарылады.
«Жолаушыларды діттеген стансаларына жеткізіп салу үшін №86 Астана - Сарыағаш пойызына жалғанып, кесте бойынша жіберілетін қосымша 6 купе вагоны әзірленді», - делінген баспасөз парақшасында.
Сонымен қатар Қарағанды стансасында тоқтатылған рейс билеттерінің ақшасын қайтарып, №86 Астана - Сарыағаш және басқа пойыздарға билет рәсімдеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
«Жолаушыларға жайы жағдай жасалып, тегін тамақ беріліп, қалыпты температура режимі сақталып отыр», - делінген хабарда.


Жаңалықтармен бөлісу: