Айдар Әлібаев: Мораторий – шағын бизнесті тексеру проблемасын шешпейтін косметикалық процедура

Алматы. 15 желтоқсан. ҚазТАГ – Владимир Радионов. Бір ай бұрын ҚР президенті Н. Назарбаев «Нұр Отан» партиясының саяси кеңесінің отырысында кәсіпкерлерге, 2015 жылы 1 қаңтарда мемлекеттік органдардың шағын және орта бизнес субъектілерін тексеруге тоқтам жарияланған мерзім аяқталатынын еске салды. Тіпті, 9 ай тыныққан бақылаушылар кәсіпкерлерді тексеруге жаңа күшпен кіріседі деп, әзілдеп те қойды.

Біз кезінде тексеруге жарияған мораторий отандық кәсіпкерлерге пайдасы болды ма, жоқ па екеніне талдау жасауды өтінген «Қаржытұтынуодағы» («Финпотребсоюз») ҚБ басқарма төрағасы Айдар Әлібаев мемлекет басшысының әзілін өмірде әбден орын алуы мүмкін «қара әзіл» деп атады. Біздің бүгінгі сұхбатымыз ШОБ субъектілерін терсеруге жарияланған тоқтам не бергені, енді оның мерзімінің аяқталғаны немен жалғасатыны, бақылушы органдармен қарым-қатысында қауіп-қатерді мейлінше азайту үшін олар не істеу керектігі туралы болады.

- Айдар Байдаулетұлы, егер тоқтам қандай жағдайда жарияланғанын ескерсек, Сіздіңше, ол қаншалықты қажет болды?

- Мерзімінен бастасам – мораторий 2014 жылғы 2 сәуірден 31 желтоқсанға дейін жарияланды және, егер жаңылмасам, ол осымен төртінші рет жарияланып отырған тоқтам. Ал, себебі – кәсіпкерлерден, шағын және орта бизнес субъектілерінен, өздерін жұмыспен қамтамасыз етіп жүргендерден, барлық мемлекеттік сатыларға, оның ішінде аудандық әкімшіліктен бастап, президент пен оның әкімшілігіне дейін шағымданып, барлық түрдегі мемлекеттік бақылаушылар тарапынан көрсетіліп жатқан қысым туралы хаттарды қардай боратуы болды. Және ол хаттарға назар аудармау мүмкін болмады, сондықтан тоқтам жариялауға тура келді.

Меморгандардың ішіндегі барлық қадағалау-бақылаушы, қаржылық-салық органдары бизнестің дамуына кедергі келтіретінін мойындауымыз керек. Тек тежеп қоймайды. Қаттың айтсам – тұншықтырады және өлтіреді. Президент өзінің әр сөзінде, жолдауларында ШОБ-тарға жағдай жасау керек, ШОБ үлесі ІЖӨ –нің 50-60% үлесін алатын елдердің тәжірибесіне қарау керек деп қанша айтпасын, бұл мәселеде ешнәрсе өзгерген жоқ.

Мен арнайы әр түрлі әлемдік рейтингтерде іздендім. Және Қазақстан бойынша бірнеше қызықты көрсеткіштерді таптым. Қарасаңыз, біздің ел қадағалаушы, бақылаушы, тексеруші және лицензиялау органдарының саны жағынан көшбасындамыз, олардың саны бізде 60-қа жақын. Оны жаппай бақылау-қадағалау жүгенсіздігі деп атауға болады. Осыншама қадағалаушыларды асырау мүмкін емес, олар тұрғанда кәсіпкерлік бастаманы іске асыру және ШОБ секторын дамыту мүмкін емес. Тексеру құлшынысын танытуда жүгенсіздікке баратындардың бірінші орнында - санэпидқадағалау, екінші орында – өрт қауіпсіздігі талаптарын тексерушілер, үшінші орында – салықшылар.

- Бірақ бақыламаса да болмай ды ғой...

- Осындай жаппай қадағалаусыз да болады. Грузия президенті Михаил Саакашвили кезінде санэпидқадағалау, өрттен сақтану инспекцияларын жойып жірбермесе де, оларды тек зертханалық деңгейде қалдырып, олардан қадағалаушы-бақылаушы өкілеттігін алып тастады.

Санэпидқадағалаудың қолынан не келеді? Бір түкпірден шаң тапса болды – айыппұл салу. Саакашвили кейін көңілінің түкпірінде мейрамханалар шаңға батып, немесе өртеніп кетер ме екен деп алаңдағанын айтты. Оның біреуі де болмады, бірақ бәрі жақсарды. Есесіне, ол бизнестен көптеген алғыстар алды...

Ал Қазақстан мен рейтингіге оралсақ. Құрылысқа рұқсат алу жеңілдік дәріжесі бойынша біз әлемдегі 200 елдің ішінде 145-ші орындамыз. Жаңа нысандарды электр желісіне қосу сәл жеңілдеу: біз онда 86-шы орындамыз.

Есі дұрыс көзқараспен қарасақ, егер бизнесмен тиісті нормалардың сақталатындығын және ақы төленетініне кепілдік беріп отырса, қандай қиындық болуы мүмкін? Жоқ, кез келген коммуникацияға қосылу - суға болсын, кәріз жүйесіне болсын, жылуға болсын – барып тұрған азап. Осы бағытта барып тұрған, жалмауыз, қанішерлер отырады.

ШОБ дамытуға несие алу жеңілдігі жағынан біз 89-шы орындамыз. Бұл біздің әңгімемізге тікелей қатысы болмаса да, Қазақстанда бизнесті дамыту мүмкіндігін сипаттайтын бір қыры. Ал халықаралық сауда деңгейі көрсеткішінен біз 186-шы орындамыз. Осыдан соң қандай инвестиция туралы айтуға болады? Осындай жағдайда кім бізге келеді? Мен британиялық бір шағын компания жетекшісімен әңгімелестім. Ол компания жер қойнауын игерумен айналысады. Солар біздің елде 10 жыл жұмыс жасағанына қарамай бизенсін жиыстырып, кетіп жатыр. «Неге? Шикізат таусылып қалды ма?», - деген сауалға ол: «Шикізат төгіліп-шашылады, бірақ біз сіздердің шенеуніктердің жемқорлық сұраныстарын өтей алмаймыз, олар біздің жұмысымыздың мән-мағанасын жойып жібереді», - деп жауап берді.

Бизнесмен өзінің көргендерімен ой бөлісіп, оған тапсыруға тура келген әр түрлі анықтамалар мен есеп берулер, ақылға сиятын шектен асып кететінін айтты. Оның айтуынша, оның компаниясы Қазақстаннан басқа әлемнің 8 мемлекетінде жұмыс жасайды және сол сегіз елдегі тапсыратын есеп көлемі бір Қазақстандағыдан аз. Оның айтуынша, өнеркәсіптік игеру тұрғысынан Қазақстанда қызығушылық бар, бірақ кедергі келтіретін факторлар тұрғысынан бұл жерден кеткен оңай.

- Бірақ бізде тексеруге негіз боларлық тұстары заңда көрсетілген ғой, және заңсыз тексерістермен дауласуға болар...

- Бізде заңдардың қалай жұмыс атқаратынын мен сізге айтпасам да болар. Сізге тағы бір цифр: 2013 жылғы 9 айда, сол кездегі өңірлік даму министрлігінің мәліметтерінше, ШОБ субъектілеріне тек жоспарлы 138 мың тексеру тіркелген. Сауал туындайды: неге, нені тексереді? Оның үстіне Қазақстанда тексерудің 50%-дан астамы - жоспардан тыс тексерулер. Елестетіңізші, осыншама орасан зор тексеруші органдардың тексеру жүргізу жоспары бар, ал оған қоса, жоспардан тыс тексерулері бар.

Былай ойлап қарасаңыз, санэпидқадағалау, салықшы, өрт сөндіргіштің қандай да компанияға жоспардан тыс тексерумен келуінде қандай мән-мағана бар? Оған жауап айдан анық: қалтасына пара салып кету. Тіпті тоқтам жарияланған жағдайда болсын, қандай бизнесмен оған аузын аша алады? Ол жарияланып отырған тоқтам өмір бойына емес екенін біледі ғой. Ол тексерушіні қуып жібере алады, бірақ арадағы қарым-қатынасты құртады.

Бірақ 1 қаңтарға дейін бір айдан да аз уақыт қалды. Анау кейін келеді де заңды түрде «қатырып тұрып» тексереді де, есіңізді шығарады. Осындай тоқтамдарға тәуелді бизнесмендер тексерушілермен дауласқысы келмейді де.

Және қадағалаушы меморгандардың жұмысының көрсеткіші анықталған бұзушылықтар мен салынған салық болып отырғанда жағдай тек нашарлай береді.

- Ал маған шенеуніктер басылымға арналмаған әңгімелесулер кезінде бизнесмендердің мораторий кезеңінде керісінше бассыздықты сезініп кеткенін айтты. Туризм комитетінің төрағасы «Гүлнәр турға» қатысты атақты оқиға кезінде бас прокуратураның рұқсатынсыз, әрі айдан анық көрініп тұрған алаяқтық байқалған компаниялардың қызметін тексеруді бастай алмай отырғанын толық ресми түрде мәлімдеген болатын. Жанжал республикалық көлемге жеткесін, рұқсатнаманы, әрине, берді. Ал тыйым салуы да мүмкін еді ғой. Сіздің ойыңызша, зиян әкелетін тексерістердің басқа жағы да бар болып көрінбейді ме Сізге?

- Біздегі барлық кәсіпкерлер адал, сүттен ақ, судан таза деп айта алмаймын, және тұтынушыларды алдау мүмкіндігі, әрине, бар. Бірақ егер соның ішіндегі туристік бизнес туралы айтатын болсақ, онда өте көп нәрселер негізінде заңнамалық деңгейде пысықталмаған.

Әлбетте, мемлекет пен бизнес ап-айқын алаяқтық немесе тұтынушылар құқығының бұзылу сәттері тексерілуі тиіс қандай да бір алаңқай табуы керек. Бірақ, дегенмен, мен ШОБ субъектілерінің мүдделерін қорғау позициясында тұрамын, себебі тап сол сектордың өкілдері қосымша құн құрады, жұмыс орындарын береді, салықтар төлейді және ақырында елді бай етеді.

Шенеунік ештеңе жасамайды, ол тек тұтынады және келеңсіз жағдайды ушықтыра түседі. Сондықтан шенеуніктердікі көп жағдайда дұрыс емес, олардың өздері проблеманы ұлғайтады, олар өздерінсіз ештеңе де бітпейді, оларсыз мейрамханалар кірге батып, турфирмалар болса барлығын алдай беретін болады деп әрқашан айта береді. Олар тіпті досынан, көршісінен қандай да бір кафеге арыз жазуын сұрап, сонда жоспарсыз тексеріспен кіріп бару түкке тұрмайды деп айта аламын. Бірақ мен әлемде бизнестің тексерулердің ондай санысыз-ақ та қалыпты жұмыс істеп жатқанын осыған дейін айтып өттім ғой.

- Сіздің ойыңызша, мораторий өзін-өзі ақтады ма? Осы 9 айдың ішінде кәсіпкерліктің сандық, сапалық өсімі орын алды ма?

- Нақты цифрлар, өкінішке қарай, жоқ, бірақ сезіністер бойынша белгілі бір оңалту эффектісін ондай мораторийлер береді: бизнесті «сұмдық ету» азаяды, әлденеше мерзімде адамдар емін-еркін жұмыс жасайды. Бірақ мораторий ол - емдемей, ауруды басатын, проблеманы уақытша бүркемелеп, оның шешімі болып табылмайтын «тиекдәрі».

Мораторийлер косметикалық функцияны атқарады. Қазіргі саяси модельдер кезінде ешқандай мораторий принципті түрде жағдайды өзгертпейді, олар тек белгілі бір кезеңге ғана көрсеткіштерді жақсарта алады. Бірақ олар бітісімен-ақ, аз шенеуніктердің басқарып отырған бизнесті басып-жаншу жөніндегі үлкен тетігі қол жеткізілген барлық плюстарды минустарға айналдырып, позитивті сәттер жоққа шығады.

- Және мұндай жағдайдағы Сіздің рецептіңіз?

- Саяси реформалар, және мен бұл жерде Американы ашып отырған жоқпын. Заңнаманы ырықтандыру, биліктің бүкіл тармақтарының сайланымдылығы, шынайы өзін-өзін басқару, тәуелсіз парламент, сот және бұқаралық ақпарат құралдары.

- Саяси реформа ол - ұзақ және егер бүрсігүні болмаса, дұрысы ертеңгі күн шығар, келісесіз ғой. Ал қазіргі жағдайларда мораторийден өзге, қандай да бір тойтарыс шараларын ойлап табуға бола ма?

- Ойлап табуға болады, және осынау жылдар ішінде олар орасан көп рет ойлап табылды ғой сол. Жүзеге асыруға болмайтыны басқа шаруа, өйткені бүкілінің шіріп біткені соншалық, идеялар қанша жақсы болғанымен олар жұмыс істемейді. Біздің эшелондалған жемқор жүйемізді тек саяси реформалау арқылы ғана өзгертуге болады. Егер мораторийді ұзартсақ, оны мәңгілік ету қажет.

- Сіз сол қайдағы бір қадағалау мен бақылауды мүлде тыю керек дегенге меңзеп отырсыз ба тағы?

- Сәл-пәл басқаша түсіндіріп көрейін. Бүгінгі жағдайда ШОБ өкілдерінің әртүрлі бұзушылықтары меморгандардың тарапынан болатын жаппай тексерістерден гөрі, мемлекетке азырақ шығындар мен залалын тигізеді. Амал нешік, біз қазір жақсы мен жаман арасында емес, жаман мен өте жаман арасындағы таңдауға иеміз. Ал «өте жаман» деп отырғаным - тексерістер. Тексеріссіз - жаман. Ал олармен - мүлде жаман.

Бірақ олардан қашып құтыла алмағасын, бизнесмендер дайындалып, өз есептіліктерін кемел тәртіпке келтіруі қажет. Осы ретте, екінші бір, маңыздырақ тұс - өз мүдделеріңді қорғау үшін қоғамдық бірлестіктер, азаматтық институттар арқылы мобилизациялану. Шенеуніктермен соғысу керек: бас прокуратураға жазып, сотқа барып, қолда бар кез келген заңды тәсілдермен және амалдармен қорғану керек. Егер де олар мұны жасамаса - бәріне төлейтін болады.

- Тәуекел ете ме екен? Сіз бизнесмендер шенеуніктермен дауласпағанды абзал көретінін айтқан едіңіз...

- ШОБ-мен болып жатқан жағдай ол - біздің бүкіл қоғам көрініс табатын айна. Халық үнсіз отыр - оны иіп жатыр. Бизнеспен де дәл солай, әрине, өзіндік мәннің есебінен. Ал шынтуайтында, құлдық ахуал - ол барлық жерде байқалуда.

- Сіздің көңіл көншітпейтін болжамдарыңызға қарап отырсақ, шағын және орта бизнес ұзақ жасауын тоқтата ма?

- Бізде ол онсыз да жоқ, аздаған қызметтер мен қайта сату саласы ғана бар. Ыстамбұлда, іскерлік орталықтан шалғай жерде, ондаған, жүздеген шеберханалар, шағын цехтер орналасқан көптеген шақырымға созылған орамдарда - әлдеқайда аяқ киім тігіп отырады, бір жерде тәрелке мен құмыралар жасап, киім тігіп жатады, бір жерде атақты түрік кәмпиттерін дайындап жатады... Кәсіпорындар, негізінен, отбасылық, іспен айналысып жүргендердің көздері жанып тұрады - жеке өзім оны бақылағам.

Бізде ештеңе жоқ. Кафе мен мейрамханалар, сұлулық салондары мен жаттығу залдары бар, дәріханалар мен көбейіп кеткен букмекерлік кеңселер бар. Адамдардың бірдеңені қолмен жасап, қосымша құн жасап отыратын өндірістер бізде іс жүзінде жоқ.

Президент те, үкімет те, ШОБ-ны дамытуға шақырады. Бірақ бұл жағдайды біздің жастар қалай пайымдайды? Олар үшін жұмысқа орналасу - мемқызмет екені бәріне мәлім. Бір жағынан, бұл бедел, басқа жағынан - «жеңіл» табыс мүмкіндігі. Оған қоса бақылау-қадағалау органдары мен күштік құрылымдардағы жұмыс басымдыққа ие, себебі дәл сол жерлерде бұл мүмкіндік жеткілікті деңгейде жоғары.

Бизнеске олар бармайды. Өйткені бұл - ауыр еңбек және толған проблема. Бір жас кісі маған тура мәтінмен былай деп мәлімдеді: «Бүгінде экономиканың шынайы секторы мен ШОБ-ға тек аңқаулар ғана барады». Және бұл тек өте мұңды ғана емес, сонымен қатар ел болашағы үшін өте қауіпті.

- Әңгімеңіз үшін рақмет.


adimage