«Аймақтар аламаны-2» төрт көзімізді тағы бір түгендеген төл туынды /немесе Ұлттық өнерді ту еткен төл жоба/

Алматы. 6 наурыз. ҚазТАГ - «Аймақтар аламаны». Осы бір атауды естігенде елең етпейтін құлақ жоқ шығар. 2012 жылдың 16 желтоқсанынан бастау алып, Наурыз мерекесіне дейін Қазақстанның мыңдаған жұртшылығын теледидар алдына телміртіп, тақымын қыстырған бұл айтулы дода қазақ телевизиясына тыңнан түрең салып, патша көңілді көрерменді бір рухтандырып тастаған бағдарлама болатын. «Хабар» арнасынан  өз көрерменін тапқан бұл жоба таяуда өзінің екінші маусымын да бастап жіберді. Биылғы жылдың өнер аламанына қандай өзгешеліктер енді? Көрерменге ұсынар  қандай жаңалығы бар? Бұл туралы біз аталған жоба продюсері, журналист Алма Сайлауқызынан және бағдарлама жүргізушілері  –  эстрада жұлдызы Әйкерім Қалаубаева мен танымал пародист Олжас Сыдықбековтен сұрап білген едік.

- Алма Сайлауқызы, екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып жатқан «Аймақтар аламаны» жобасын жасау барысында қиындықтар көп болды ма, әлде былтырғы салынған сүрлеумен, оңайырақ болды ма?

- Әрине, «Сөз бастау қиын ба, жол бастау қиын ба?» дегендей, кез келген жаңа дүниенің бастауында қиындықтар кездесуі заңдылық. Былтырғы жылы бұл бағдарлама туралы ешкім білмегендіктен, облыстармен жұмыс жасау барысында бірқатар қиындықтармен бетпе-бет келген едік. Алайда, биылғы жылы облыс әкімдері мен мәдениет басқармаларының өнімді жұмысының арқасында, екінші маусымға дайындық барысы әлдеқайда жинақырақ болды деп айта аламын. Оның үстіне Отансүйгіштік пен бірлікті дәріптейтін жоба мақсатына жауапкершілікпен, құрметпен қарады. Өнер додасының жалғасын табуына атсалысқан әріптестерім – жоба жетекшісі, «Хабар» агенттігінің бас продюсері  Ринат Думанұлы мен сценарий авторы және осы жобаның «идея генераторларының» бірі Назым Басқынбаеваның, сондай-ақ жалпы шығармашылық ұжымның еңбегін атап өтсем деймін.

- Төрешілерге  қатысушылардың көңілі  толып, риза болды ма, әлде айтар назы табылды ма?

- Біздің сайысшылардың өнерін бағалап, төрелігін айтқандар – өз ісінің кәсіби мамандары, ұлттық өнердің жанашырлары. Әшірбек Сығай, Тойған Ізім, Секен Тұрысбеков пен Қарақат Әбілдинаның қай-қайсы да елге танымал, талай айтулы бәсекелерде қазылар алқасына төрағалық етіп жүрген өнер майталмандары. Оған ешкімнің дауы болмас. Сондықтан да біз ол азаматтарға төрешілік тізгінін бергенде, олардың кәсібилігіне, объективтілігіне сендік. Сонымен қатар, сайыс болған соң, жеңген тараппен қоса жеңілген тарап та болары анық. Дегенмен, қазылардың конструктивті түйінінен соң, орынды сынынан соң оларға уәж айтудың өзі қиын іс. Жеңгенін ашық мойындап, риза болып кеткен облыс мүшелерін көргенде, арымыз таза, көңіліміз уайымсыз болды.

- Облыстардың  дайындығына  көңіліңіз тола ма? Жалпы, бұл өнер додасына  барлық облыстың құлшынысы жақсы дей аласыз ба?

- Бес саусақ бірдей емес. Дегенмен де, былтырғымен салыстырғанда, облыстардың дайындығы бір саты жоғары болды дей аламын. Былтыр дайындығы аз өнерпаздармен келіп, топ жара алмай,  сан соғып кеткен аймақ өкілдері өткеннен сабақ алып, биыл тыңғылықты дайындалып келгені қуантты. Әсіресе, Павлодар облысы, Маңғыстау облысы, Ақмола және Алматы облысының басшылығына риза болдық. Сондай-ақ, ұйымдастырушылар тарапынан жоба былтырғыдан да ертерек қолға алынып, шілде айынан бастап барлық өңірдегі мәдениет басқармаларына екінші маусым туралы хаттар жіберіліп, алдын-ала тыңғылықты дайындалуы үшін бес-алты ай бұрын хабарландырылды. Соған қарамастан, түсірілім басталғанға дейін бізді сары уайымға салған солтүстіктен бір облыс, оңтүстік жақтан бір облыстың жауапты азаматтарының жауапкершілігі аздау болып, ол өз кезегінде өнерпаздарының «Аймақтар аламанына» сақадай сай болып келуіне салқынын тигізді.

- Көрермендер жоба аяқталатын Наурыз мерекесіне дейін сіздердің жобадан қандай дүниелер күте алады?

- Былтыр төрт  сайыстан тұрған бағдарламаға биыл біршама өзгеріс енгізіп, күй сайысын енгізген болатынбыз. Осы арқылы қазақтың күй өнерін бағалаушылардың артуына ықпал ете алсақ, біздің бір мақсатымыздың орындалғаны. Төрт турдан тұратын телебайқаудың әр айналымында шертпе күйден, төкпе күйден қызықты тартыстар болады. Ән мен би  сайыстарында да әрбір турда талаптар мен қойылымдар жаңарып отырады. Әсіресе заманауи бидің түр-түрі күтіп тұр. Кіл жүйріктер ақтық бәсекеде бағын сынайды. Қазақтың өнерін ту етіп, бірлігін ұран қылған айтулы доданың басқа да қызықтарын әр сенбі сайын «Хабар» арнасынан біле аласыздар.

- Әйкерім, "Аймақтар аламанының" екінші маусымын да жүргізуді ұйымдастырушылар сізге сеніп тапсырған екен.  Осындай республикалық айтулы доданы екінші жыл қатарынан жүргізу оңай ма екен, әлде қиындап кетті ме?

- Аталмыш жобаның бірінші және екінші маусымы да маған қиындық тудырған жоқ. Себебі, менің әріптестерім Тұрсынбек пен Олжас – өз істерінің кәсіби шеберлері. Осы азаматтармен бірге әріптес болу арқылы мен жүргізушілік тұрғыдан өзіме көп сабақ алдым десем де болады. "Аймақтар аламаны"  жобасын екі жыл қатарынан жүргізу арқылы үлкен тәжірибе жинадым. Қазіргі таңда маған өзге де телеарналардан ұсыныстар түсіп жатыр. Ең бастысы, жоба ұйымдастырушыларының маған сеніп тапсырған міндетін ойдағыдай орындадым деп ойлаймын. 

- Құпия болмаса, сіз қай аймаққа жанкүйер болдыңыз?

- Ақын Сабыр Адайдың "Бар қазақ менің жалғызым" деген сөзі бар. Оның үстіне, бұл жобадағы қатысушылардың бәрімен емен-жарқын араласып, тіпті достасып та кеттік. Сондықтан әр өңір өнер көрсеткен сайын сахна сыртында "Дұрыс шықса екен!.." деп, жанымды шүберекке түйіп, тілеуін тілеп тұрамын. Екіншіден, мен әншімін, яғни, халықтың адамымын. Қазақстанның қай аймағы болмасын маған жақын. Маған қай өңірдің жеңгені емес, ҚАЗАҚ өнерінің кәсіби тұрғыда дәріптелгені маңызды. Сондықтан бағы мен бабы қатар шабатын бұл жобада әр өңір өз дайындығына, кәсіби шеберлігіне байланысты әділ-қазылардың бағасын алды. 

- Сіздің ойыңызша, былтырғы аламан несімен есте қалды және биылғы аламан несімен ерекшеленді?

- Ең басты ерекшелік – жүргізуші ауысты. Бірінші маусымда Тұрсынбек Қабатовпен әріптес болсам, екінші маусымда Олжас Сыдықбековпен жүргіздім. Екінші ерекшелік – алғашқысында балуандардың күресі және ерекше өнер иелері өзара жарысса, бұл жолы оның орнын күй жарыс басты.  

- Олжас,  "Аймақтар аламанының" бір тізгіні бұл жылы сізге берілді. Осындай салмақты жобада жүргізуші болу табиғатыңызға қаншалықты сай келді? 

 - Иә, "Аймақтар аламаны" сынды салмақты жобаның бір тізгінін маған сеніп тапсырған «Хабар» арнасына айтар алғысым шексіз. «Менің табиғатыма қаншалықты сай келді?» дейтін сұраққа келетін болсақ, менің болмысымның бұл жобаға ешқандай алшақтығы жоқ дер едім. Осының алдында дәл осы «Хабар» арнасындағы "Сонымен солай дейік"  ток-шоуы менің телевизиядағы өміріме үлкен мектеп болды. Осы бағдарлама аясында көтерілген сан түрлі тақырыптар  мені  әбден пісірген сияқты. Сондықтан мен бұл өнер теле-додасында онша қиындық сезінгем жоқ. Тек ең басында аздап қобалжу сезімі болса да, одан кейін күнделікті жүргізіп жүрген бағдарлама сияқты әсерде болдым. Әрине, ол осы "Аймақтар аламанының" шығармашылық ұжымының кәсіби біліктілігінің арқасы деп білемін.

- Төрешілер қатал болды деп ойлайсыз ба, әлде жұмсақтық танытқан сәттері көбірек болды ма? Олармен әзілдесудің сәті түсті ме?

 - Әдетте ең оңай жұмыс – сын айту ғой. Ал, әділ төрелігін айту –  ол басқа мәселе. Сондықтан қазыларға жәй ғана сын айту емес, оларға кәсіби бағалау жүктелді. Осы тұрғыдан алғанда олардың жауапкершілігі оңай болған жоқ. Кәсіби түрде қатал талап еткен кездерін көрермендер көріп жүрген болар. Сонымен қатар түсіністікпен қарап, жұмсақтық танытқан да кездерін  байқаған шығарсыздар. Жарыс-дода  болған соң жағдайға байланысты өзінің өлшеміне салып бағаланады ғой. Ал, бізге орайы келгенде олармен әзілдесіп отырудың сәті де туып отырды. 

- Сізді қатты қызықтырған сайыс қайсысы болды? Жаныңыз әнге құмар ма, биге құмар ма, әлде күйді қалап тұрды ма?

- Мені қатты қызықтырған бишілер болды. Әртүрлі тақырыптарға құрылған композициялық қойылымдарға тәнті болдым. Әдемі қыздардың ырғағы да керемет қой, шіркін! Сол керемет силуэттер көз алдымнан кетпей жүр, әлі. Негізі "Аймақтар аламаны" теле-додасы  бұл – ұлттық шоу ғой. Басқа сайыстардан бір ерекшелігі –  аймақтардағы таланттардың танылуына мүмкіндік беретін жоба. Осындай төл өнеріміздің жұлдызын асқақтатар игі жобалар жалғасын таба берсе екен деген тілектеміз.

- Сұхбаттарыңызға рахмет.


adimage