Айсұлтан Назарбаевқа Англияның Корольдік соты ресми түрде айып тағуда - BBC

Алматы. 5 шілде. ҚазТАГ – Айсұлтан Назарбаевқа Англияның Корольдік соты ресми түрде айып тағуда, деп хабарлады BBC (орыс қызметі).
«Лондонда Сазарк ауданындағы Корольдік сотында 28 жасар Айсұлтан Назарбаевқа – Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немересіне қатысты алдын-ала тыңдалым өтті. Ол есірткінің әсерімен полицейлерге қарсылық танытып, ұрып, біреуін тістеп алған деп айыпталуда», - делінген жұмадағы хабарда.
Хабарда атап өтілгендей, Сандхерстегі Корольдік әскери академия түлегінің ісі бойынша алдын - ала тыңдалым 4 шілдеде басталған. Ол баспасөз үшін ашық режимде өтіп жатыр.
«Айыпталушы әзірге қамауда отыр, өзінің полицейлермен төбелескенін мойындамауда. Айсұлтан Назарбаев үлкен сот залының ортасында жарлары әйнек арнайы бөлмеде отырды, жанында күзетші тұрды. Отырыс барысында ол бірде-бір сөз айтпады, оның үстіне тараптардың оған сұрағы да болмады. Айыптаушы Грегор Маккинли Айсұлтан Назарбаевтың ағымдағы жылдың 3 маусымында Лондондағы қонақүйлердің бірінде балконға шығып алып, одан секіріп, өз-өзіме қол жұмсаймын деп айқай салғанын айтты», - делінген хабарда.
5 маусымда, айыптаушының айтуынша, осы жағдай қала орталығындағы пәтерлердің бірінде қайталанған – ол кезде көршілері полицей шақырған.
«Айсұлтан Назарбаев өзін өте ашулы ұстаған, тағы да өз-өзіне қол жұмсаймын деп қорқытып, шақырту бойынша келген констебль Росс Самбрукке қарсылық танытып, кеудесінен ұрып, сол қолын тістеп алған. Полицей оған қарсы жауап ретінде электрошокер қолданған», - деді Маккинли.
Айсұлтан Назарбаев адамға зиян келтірді және мүлікті бүлдірді деп айыпталуда. Оны ұстап полицияға жеткізген. Хабарда атап өтілгендей, Маккинли аттарын атамастан полицияға «қазақстандық билік өкілінен» қоңырау түскені, ол Назарбаевтар отбасын «масқараламау үшін» жағдайды жаппақ болған болуы мүмкін екенін, бірақ полицейлердің «онымен сөйлеспегенін» жеткізді.
«Айсұлтан Назарбаев кокаин пайдаланған, және оның ашулы әрекеті де сонымен байланысты», - деді мемайыптаушы.
Айыптау ақпарынша, қазір Қазақстанның экс-президентінің төлқұжаты тәркіленген. Маккинли сот назарын жоғары лауазымды отбасының оған дипломатиялық төлқұжат алуына көмектесіп, оның Ұлыбританиядан кетіп, жауапкершіліктен қашып кетуі мүмкін екендігіне назар аудартып, оған жол бермеулерін сұрады.
Сондай-ақ, BBC 3 шілдеде қазақстандық БАҚ таратқан нұсқаның бірін де айта кетті.
«Қазақстандық Zakon.kz басылымы Айсұлтан Назарбавтың аты көрсетілмеген достарына сілтеме жасай отырып, оның 5 маусымда ешқандай төбелес шығармағын айтады. Таныс қызы оның пәтерін байқаусызда сыртынан жауып алған-мыс, сөйтіп ішке терезе арқылы кіріп, оны ашуын өтінген. Мұны көрген көршілері полиция шақырған, ал полиция «азиялықтарға» дөрекілік танытқан-мыс», - делінген хабарда.
Сонымен қатар атап өтілгендей, Назарбаевтың қорғаушысы Алисдэйр Уильямсон алдын-ала тыңдалымда іс мәнісіне араласқан жоқ және оның қорғауындағы адамның британдық заңға құрметпен қарайтынын және ол қашып кетуі мүмкін деген сөздердің оны «қорлау» екенін жеткізген.
«Қорғаушы Айсұлтан Назарбаевты 90 мың фунт (шамамен Т43,4 млн – ҚазАГ) ақшамен кепілге босатуын және оған шектеу сала отырып, өзі тұратын пәтерде болуына рұқсат беруін сұраған. Мәселен, ол күн сайын полицияға келіп белгіленіп тұруы және сол пәтерінде түнеуі керек. Сондай-ақ, қорғаушы қорғалушысының есірткіге тәуелді екенін мойындаған және қазір оны емдететін аурухана іздестіріліп жатқанын жеткізген», - делінген хабарда.
BBC болса, Айсұлтан Назарбаевтың 2017 жылы өзінің Facebook парақшасында Қазақстаннан Австрияға қашқан әкесі Рахат Әлиевтің, президенттің күйеу баласының өлімінен кейін, ресми нұсқа бойынша түрмеде өз-өзіне қол салғаннан кейін есірткі қолданғанын мойындап жазғанын айтады. Ол кезде Айсұлтан Назарбаев оның бұл тәуелділігін жеңуге атасы мен Құдайдың көмектескенін айтқан.
«Судья Филипп Барбел 4 шілдедегі сот отырысында Назарбаевты кепілге жіберуге дайын екенін, бірақ ол емделу үшін бірден ауруханаға жатуы керек екенін жеткізген, мейлінше Priory ауруханасына – есірткіге тәуелділерге арналған танымал аурухана, ол жерде кезінде музыканттар Эмми Уайнхаус пен Робби Уильямс, футболист Джордж Бест пен актер Джонни Депп те ем алған. Енді Айсұлтан Назарбаевтың қасындағы адамдардың міндеті танымал емхананы оның жағдайына баға беріп, емдету қажеттелігін растауға көз жеткізу. Әйтпесе ол қамауда қала береді», - дейді британдық ақпарат көзі.
Еске салсақ, 3 шілдеде британдық БАҚ Айсұлтан Назарбаевтың полицейді тістеп алғаны туралы хабар таратқан болатын. Полицей оған өз-өзіне қол жұмсауға кедергі келтірген болса керек. Қазақстанның тұңғыш президентінің немересі полицей Росс Сэмбрукті (Ross Sambrook) қатты тістеп алған, ол болса қазақстандықты 5 маусым күні Ковент-Гардендегі (Лондондағы көрікті аудан) пәтерінде тапқан.

adimage