Елдос Сметов әлемнің үздік 5 балуанының қатарына кірді
2024 жылғы Париж Олимпиадасының алтын медаль иегері Елдос Сметов дзюдодан әлемдік рейтингте үздік бестіктің қатарына кірді, деп хабарлайды Aikyn.kz.
Осыған дейін ол 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесі бойынша 22-орында болса, жаңартылған рейтингіде бірден 17 сатыға жоғары көтерілді.
Айтжанов бокстағы нәтиже үшін кешірім сұрады
Қазақстан Республикасының бокстан ұлттық құрама командасының бас бапкері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ҚР еңбек сіңірген жатықтырушысы Мырзағали Айтжанов қазақстандық телеарналарға берген сұхбатында бокстағы сәтсіздік үшін кешірім сұрап, көзіне жас ала жаздады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
«Елдің жанкүйерлерін түсінемін. Біздің жекпе-жектерге көңілдері толған жоқ. Сол үшін кешірім сұраймыз. Ешкім ұтыламын деп келген жоқ. Жігіттердің бәрі барын салып, күресті. Жақсы дайындықпен келдік. Бірақ сәттілік жетпеді деп ойлаймын, ешкімді кінәламаймын. Бәрін өзімізден көреміз. Бұйырмай тұр, кем-кетік бар шығар. Сол үшін жеңіске жетпеген шығармыз. Бірақ жігіттердің бәрі шаршаған жоқ. Небір сөздер естіп жатырмыз. «Шаршады, дайындық нашар», деп. Бүкіл әлем, әріптестерім біздің балаларға риза. Ал біздің ел бізді даттап жатқанында қалай ел боламыз деп ойлаймын. Бәріне рақмет. Мүмкін қатты елдің намысын ойлап, солай айтып жатқан шығар. Бірақ бәрі аман болсын. Қазақпыз, бір-бірімізді осындайда қолдамағанда қашан қолдаймыз?», - дейді Айтжанов.
Тұрсынғали Еділов: «Қазақ боксындағы жүйені түгел өзгертуіміз керек еді»
Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, бокстан Ұлттық құраманың бұрынғы бас бапкері Тұрсынғали Еділов Париж Олимпиадасындағы боксшыларымыздың жаппай жеңілгені туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Skifnews.kz.
«Олимпиадада бас бапкер жауапты. Ондай ірі жарысқа баратын мықтыларды кішігірім халықаралық жарыстарға апармау керек еді. Шымбергеновті неге апарады, Олимпиадаға? Ол 12 жыл олимпиадалық құрамада жүр, оның орнына жас күштерді апару керек қой. Бізде қазір бокске бөлінетін қаражат футболға бөлінетін ақшадан 2 есе көп. Баяғыда бізге 15 боксшыға, 2 жаттықтырушы мен 1 дәрігерге ғана ақша бөліп, болашақ чемпиондарды дайындататын. Оның өзінде әуелі біз өз ақшамызбен жаттықтырып, үкімет бөлген қаржыға 2-3 айдан кейін ғана қолымыз жетуші еді. Қазір ше? Қазір 100 бала дайындық кезеңінде жаттығып жатыр. Бірақ, нәтиже жоқ. Біз Токио Олимпиадасынан кейін-ақ дабыл қағып, қазақ боксындағы жүйені түгел өзгертуіміз керек еді», – дейді Тұрсынғали Еділов.
«Тексеруден кейін 3 әуе компания мен 4 ұшқышқа айыппұл салынды»
Авиациялық әкімшілік жүргізген тексерулердің нәтижесінде шағын авиацияға жататын үш әуе компания мен төрт ұшқыш жауапқа тартылды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Ведомство Ан-2 ұшақтарын тексеруге қатысты жеңіл және аса жеңіл азаматтық әуе кемелерін пайдаланушыларға жоспардан тыс тексеру жүргізді. Оның нәтижесінде бірқатар талаптардың бұзылғаны анықталды: ұшқыш куәлігі жоқ бола тұра, командирдің әуе кемесімен ұшуы (осындай 4 дерек тіркелді); ұшу құжаттамасынсыз әуеге көтерілу; авиациялық персонал куәліктерін ұсынбастан, әуе кемесіне техникалық қызмет көрсету; әуе қозғалысына қызмет көрсету органына ұшу жоспарын ұсынбау және тағы басқа бұзушылықтар.
«Шілдеде 10 авиакомпанияны іріктеп тексеру жүргізілді. Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті Қазақстанның авиациялық әкімшілігі жүргізген тексерулердің нәтижесінде шағын авиацияға жататын 3 әуе компаниясы мен 4 ұшқышқа ҚР Азаматтық авиация саласындағы нормативтік құқықтық актілерді бұзғаны үшін 11 айыппұл салды», – делінген хабарламада.
Фото көзі: olympic.kz