Қазақ хандығының 550 жылдығы ел өміріндегі ұлы оқиға, деп санайды Қызылорда облыстық «Азаматтық Альянс» қауымдастығындағылар

Астана. 11 қызылорда. ҚазТАГ – Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау  ел өміріндегі ұлы оқиға, деп санайды Қызылорда облыстық «Азаматтық Альянс» қауымдастығының төрайымы Әлима Әбдіхалықова.
Хабарланғандай, Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына арналып Астанада өтіп жатқан шараларға Сыр бойынан барған делегация салтанатты жиынға қатысты.
"Бұл мерейтойдың тәуелсіз Қазақ  елінің  еңсесін көтеріп, бойын тіктеп, өз қуатын дәлелдейтіндей деңгейге жеткенде тойлануы ерекше құбылыс. Жетпіс жыл бойы Кеңес Одағының боданында болып, тек КСРО тарихымен сусындаған ұрпақ ата тарихтан алшақтап, елдің өткен өмірінен тысқары қалды. Тәуелсіздікпен бірге келген сана бостандығы біздің өшкенімізді жандырып, өлгенімізді тірілтті. Соның  бір жарқын көрінісі – Елордада тойланған Қазақ хандығының 550 жылдығы», - дейді Ә. Әбдіхалықова.
Оның пікірінше, Ел астанасындағы  Тәуелсіздік сарайында Елбасының қатысуымен өткен  салтанатты шара оған қатысушылардың жүрегіне қуаныш  сезімін ұялатты.
«Сарыарқа төрінде бой көтерген этноауылда тігілген қазақи қараша үйлерді, үлкен сахнадағы қойылымдарды,  спорттық алаңдағы ұлттық ойындарды, алтыбақан мен тайқазан төңірегіндегі ұйымдастырылған ұлттық салт-дәстүрлерге бай  шаралар мен  ырым-жоралғыларды көріп, шыны керек, сонау он тоғызыншы ғасырға оралғандай әсер алдым», - деп қорытындылады сөзін ол.

adimage