Қазақ хандығының мерейтойын тойлау ұлт рухын асқақтатты – қоғам қайраткері

Астана. 11 қыркүйек. ҚазТАГ – Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына арналып Астанада өтіп жатқан шараларға Сыр бойынан барған делегация салтанатты жиынға қатысты, деп хабарлайды агенттік тілшісі.
Жұма күні таратылған ақпараттық парақшада атап көрсетілгендей, салтанатта  Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Абылай ханның армандары еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін орындалғанын айтты.
«Елбасы бұрын да «қазақ тарихында біз ұялатын ештеңе жоқ» деп айтқан болатын. Бүгінгі жиында соның жалғасы ретінде бізге бабалар тұлпарының тұяғымен жазылған ата тарихының әр парағы ерекше қымбат екенін нықтады. Тәуелсіздіктің арқасында ата-бабаларымыз қалдырған ұлаңғайыр жердің халықаралық құжаттарға сай рәсімделгеніне, атамекеннің халқымызға қасірет әкелген қыру жою қаруынан азат етілгеніне тоқталды», - деді Қызылордадан келген қоғам қайраткері Алмагүл Божанова.
Оның айтуынша, Қазақ хандығының 550 жылдығы ең алдымен жас ұрпақ бойына жеңімпаз бабалар рухын сіңіру үшін керек деп ойлаймын. Тарихынан тағылым алмаған ұрпақ, болашағын бағамдай алмайды. Ұлт  тарихының биік рухқа, ерен ерлікке, өшпес өнегеге толы беттерін есте ұстау кешеден бүгінге аманат болған мұраларды келешектің еншісіне берудің маңызы зор.    
«Астанадағы елдік тойы әлі де жалғасып жатыр. Халық бұл ұлттың рухын көтерген игі шара болғанын осы бастан-ақ айтып жатыр», - деп тәмамдады А. Божанова.

adimage