Қазақстан 1-2%-бен тұрғын үй ұсыну бойынша жаңа бағдарлама бастайды – Назарбаев

Күні: 14:06, 11-11-2014.

Астана. 11 қараша. ҚазТАГ – Жанболат Мамышев. Қазақстан бастапқы жарнасыз 1-2% жылдықпен әлеуметтік тұрғын үй ұсыну бойынша жаңа бағдарламаны іске қосады, деп хабарлады ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
«Бізде қолжетімді баспана бойынша көптеген әдістер бар. Бізде тұрғын үй құрылыс жинақтауы бар, ипотека да бар және жалға алу (аренда) да бар, бірақ енді басқа жағынан қарау керек. Мемлекет әлеуметтік жалдамалы тұрғын үй тұрғызып, оны ұзақмерзімдік жалға беру арқылы сатып алу құқығымен халыққа ұсынатын болады. Қазіргі кездегісі үлкен қаражатты, бастапқы жарнаны қажет етеді, және одан қалды банкілер де әділетсіз пайыздармен береді – 20-ға дейін. Адамдар төлей алмайды да, үнемі бастары проблемадан босамайды», - деді Н. Назарбаев сейсенбі күні өзінің Қазақстан халқына жолдауында.
«Бұл бағдарламаны біз жас отбасылар мен осыған шын мәнінде мұқтаждар үшін жасап отырмыз. Тұрғын үйлерді жаңа бағдарламамен ұсыну тікелей, ешқандай делдалсыз, максималды төмен пайыздармен жүретін болады. Көрерміз, мүмкін, осының барлығына қызмет етуге 1-2% жеткілікті болар. Ол үшін жұмсайтын боламыз», - деп толықтырды президент.
Оның айтуынша, бастапқы жарнаның жоқтығы мен төменгі пайыздар халықтың кең қабаттары үшін тұрғын үйді қолжетімді етеді.
Мұнымен бірге мемлекет басшысы 2015-2016 жылдары салынатын тұрғын үйлер құрылысының қаржыландыруына қосымша Т180 млрд бөлуді тапсырды.


Жаңалықтармен бөлісу: