Қазақстан 2020 жылы оралмандарды қабылдау квотасын үштен бірге қысқартты

Астана. 27 қаңтар. ҚазТАГ – Қазақстан 2020 жылы оралмандарды қабылдау квотасын үштен бірге қысқартты, деп хабарлады еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен.
«ҚР Үкіметінің қаулысымен оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасы 2020 жылы 1 378 адам болып белгіленген, бұл 2019 жылға қарағанда 653 адамға аз. Аталған қаулыны қабылдаудың мақсаты ҚР Үкіметі белгілеген өңірлерде оралмандарды оңтайлы орналастыру болып табылады. 2020 жылы квота былайша бөлінді: Павлодар облысы бойынша – 500 адам, Қостанай облысы бойынша – 350, Ақмола облысы бойынша – 258, Шығыс Қазақстан облысы бойынша-150, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша – 120», - делінген дүйсенбідегі хабарда.
Ведомствода атап өткендей, оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізілген адамдарға Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде субсидия беру түрінде қолдау көрсетілетін болады: көшуге – отбасының әрбір мүшесіне 35 АЕК (84,2 мың теңге) біржолғы төлем; тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерді төлеу бойынша шығыстарды жабу үшін 12 ай ішінде отбасына 15-тен 30 АЕК (36,1-ден 72,2 мың теңге).
Бұдан бұрын хабарланғандай, 2019 жылы ҚР Үкіметі 2 031 адамды қамтитын оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасын бекітті, ол мынадай түрде бөлінді: Қостанай облысы бойынша – 815, Павлодар облысы бойынша – 550, Ақмола облысы бойынша – 306, Шығыс Қазақстан облысы бойынша-250, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша – 110 адам.
«Жалпы алғанда, 2019 жылы 17,661 этникалық қазақ немесе 9993 отбасы тарихи отанына оралып, оралман мәртебесін алды», - деді ҚР ЕХӘҚМ.
Жалпы 1991 жылдан 2020 жылғы 1 қаңтарға дейін 313 256 отбасы немесе 1 057 280 этникалық қазақ тарихи отанына оралып, оралман мәртебесін алған болатын.

adimage